«Кінәсін мойындап отыр»: Қызылордада жыныстық құлдықта болған қыздың адвокаты тың мәлімет (ВИДЕО)
Сотталушылар саны — қазіргі таңда 13 адам
Қызылордада жыныстық құлдықта болған 16 жастағы қыздың ісіне қатысты адвокат Гүлайхан Турсуманова күдііктілердің біреуі ғана өз кінәсін мойындап, кешірім сұрағанын айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы адвокат «Қазақстан» ұлттық телеарнасына берген сұхбатында баяндады.
Айтуынша, «Не молчи KZ» қорының жетекшісі Дина Таңсәрі хабарласып, толық мән-жайды айтып көмек сұраған екен.
«Біз Қызылордаға барып, қыздың өзімен және анасымен кездестік. Орын алған оқиға бойынша сұрап білдік. Біз іске қатысып бастағанымызда негізгі 3 айыпталушыға үйқамақ жазасы тағайындалған болатын. Бірақ біз апеллияциялық шағым түсіріп, олар сот залынан қамаққа алынды. Қазір бұл іс бойынша 5 үкім шықты. Ол заңды күшіне енді», - дейді ол.
Келесі сот отырысы қаңтар және ақпан айының басында басталатынын атап өтті.
«Қалған 8 айыпталушыға қатысты іс прокуратураға жолданды. Одан кейін сотқа жолданады. Қаңтар айы немесе ақпан айының басында сот отырыстары басталады. Сотталушылар саны — қазіргі таңда 13 адам. Оның ішінде бесеуі кәмелет жасына толмаған айыпталушы бар», - дейді Гүлайхан Турсуманова.
Адвокат жәбірленушінің емханаға жатып, ем алып шыққанын айтты.
«Қорғаушым неврологиялық емханаға жатып, ем қабылдап жатыр. Сотталушылардың арасында тек біреуі ғана өзінің кінәсін толық мойындап отыр. Істеген ісіне өкініп, кешірім сұраған жалғыз адам сол. Қалғандары кешірім сұрамады. Заң бойынша негізгі айыпталушылар кәмелет жасқа әлі толмауына байланысты 6 жылдан көп мерзімге соттала алмайды», - дейді адвокат.