Мәдениет

«Бала ұзақ өмір сүрмейді деген»: жұлдызды жұп екпе салғаннан кейін ұлының дертке шалдыққанын айтты

Біраз дәрумендер іштік, емшілерге, қасиетті жерлерге бардық, өзімізді зерттедік, Құдаймен сырластық

Жұлдызды жұп актер Рүстем Жаныаманов пен актриса Жанаргүл Жаныаманова ұлының сырқатын айтып, қиын кезеңдерден қалай шыға білгендерін бөлісті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Бұл туралы олар тележүргізуші Жанар Байсемізге берген сұхбатында айтты.  Емханада екпе алған соң ұлы тромбоцитопения деген жазылмайтын дертке шалдыққан. Дәрігерлер баланың ұзақ өмір сүрмейтінін айтқан екен.

“Театрға жаңадан кірген едім. Жұмысбасты болып кеттік. Қойылымдар көп болып кеткен кез. Ауруханадан медбике күнде хабарласып, балаға екпе жасатыңдар деп айтқан. Сол кезде бала ауырып тұрған соң екпені кейінге қалдырып жүрдік. Бірде балам үйде апасымен бірге қалған. Сол күні апасы “шақырып жатыр, не істеймін” деп маған хабарласты. Мен жұмыста жүріп, “салдыра салыңыз” дей салдым. Кешке келсем балам екпесі ісіп кеткен, аяғын баса алмай отыр екен. Дәрігер баланы тексермеген болып шықты. Бізге тромбоцитопения жазылмайтын ауру, бала ұзақ өмір сүрмейді деп айтты. Бірақ әлемде осындай дерті бар адамдардың 3%-ы ғана өмір сүріп кетеді екен. Олар үнемі гормон салып жүруге мәжбүр. Біздің баламыз да гормон алды. 3 жастағы баламыз толып кетті. Шөп дәрі ішті, емшілерге бардық. Кейін медицина да көмектесе алмайтынын көрдім. Сонда ішкі дауыс “Құдай ғана көмектесе алады” деді”, – деп ағынан жарылды актриса Жанаргүл Жаныаманова.

Айтуынша, бұл дертпен күресу жолында ерлі-зайыпты көп оқыған, зерттеген. Бір-бірін біле бастаған.

“Көп кітап оқыдық, бір-бірімізді біле бастадық, ішкі жандүниемізді түсіндік. Рүстем қолымда баладағы ауруды тартып алатын магнит болса деп армандаса, мен жолдан барлық ауруды жазатын бір дәрі тауып алсам деп ойлайтынмын. Содан біраз дәрумендер іштік, емшілерге, қасиетті жерлерге бардық, өзімізді зерттедік, Құдаймен сырластық. Оның қайсысы көмектескенін білмеймін. Қазір баламыз аман-есен, ауруынан жазылды”, – дейді актриса.

Сондай қиын кездерде актриса сахнаны тастап, хиджаб киюді ойлаған.

“Сол кезде эмоциялық жағынан тұрақсыз болдым. Түрлі ойлар келді. Тіпті мүлдем сахнаға шықпауым керек шығар деген ой болды. Маған тиген көз балаға өтіп кетті ме деп ойлап, өзімді кінәладым. Хиджаб, никаб киіп кете жаздаған кездерім болды. Сонда Рүстем “барлығын істе, оқы, біл, бірақ олай істеме” деді. Сол сөзі үшін рахмет айтамын. Не істесем де Рүстем мені жан-жақты қолдады. Баламыз жазылғанда бәріне WhatsApp арқылы анализдерін жіберемін. Оны көріп анам: “Көз тиеді, тыныш отыр” деп тыйғаны бар”, – дейді ол.