Астана вокзалында баласын тастап кеткен әйел табылды
Қазіргі уақытта жас баланы қауіпте қалдыру фактісі бойынша тергеу жүріп жатыр
Қаңтар айының басында ескі Астана вокзалының ғимаратында 3-4 жастағы бала жалғыз қалдырып кеткен. Бүгін, 13 қаңтарда Көліктегі полиция департаменті баланың анасы табылып, полицияға жеткізілгенін хабарлады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Еске сала кетейік, тастанды бала туралы ақпарат интернетте 5 қаңтарда пайда болды. Сағат 18:00 шамасында 3-4 жастағы баласын ескі теміржол вокзалына тастап кеткен әйел іздестіріліп жатқаны хабарланған болатын.
Көліктегі полиция департаменті баспасөз қызметінің NUR.KZ тілшісіне хабарлауынша, Астана станциясындағы желілік полиция бөлімшесі кәмелетке толмаған баланы қауіп-қатерге ұшырату фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Бүгін полиция қызметкерлері баланы анасы табылғанын хабарлады.
"Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының қорытындысы бойынша Астана станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері бұрын психиатриялық диспансерде есепте тұрған станцияда қалдырылған баланың анасын анықтап, полицияға жеткізді. Қазіргі уақытта жас баланы қауіпте қалдыру фактісі бойынша тергеу жүріп жатыр.
Бала Астана әкімдігінің қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына жіберілді", - деп хабарлады көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ведомство өкілдері ҚПК 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайтынын хабарлады.