«Көршімен көрші ұрсысады»: Ринат Зайытов көлікті бес минуттан артық қыздыруға қатысты пікір білдірді
Мұндай айыппұл салудан тұрмыстық шиеленістер, түсініспеушіліктер көбейетінін алға тартты
Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов көлікті бес минуттан артық қыздыруға болмайды, айыппұл салынады деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Мұндай айыппұл салу қажет еместігін айтады.
«Бұл жерде бір қауіпті нәрсе бар: осындай әрекеттерді айту, камераға түсіру қоғамға пайда бермейді. Адамдарды араздастырады. Өз басым қажет емес деп ойлаймын. Ертең көршімен көрші ұрсысады. Тұрмыстық шиеленістер, түсініспеушіліктер көбейіп кетеді», - дейді Ринат Зайытов.
Еске салсақ, осыған дейін көлікті бес минуттан артық қыздырғандарға айыппұл салынатыны туралы айтылған болатын. Сонымен қатар құқық қорғау органдары бұның жаңа норма емес екенін түсіндірді. Қазақстан Республикасының Жол қозғалысы ережелерінде ол 20 жылдан бері бар.