Басты жаңалықтар

Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қатысты жаза қатаңдатылады

Заң жобасында құқық қолдану тәжірибесінің қорытындысы бойынша өзгерістер қарастырылған

Қазақстанда сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін жауапкершілік күшейтіледі. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов Мәжілістің пленарлық отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанда Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің (ӘҚБтК) 678-бабы бойынша заңды тұлғалар шенеуніктерге сыйақы бергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл үшін 750 АЕК (2025 жылы 2,9 миллион теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылған.

"Халықаралық стандарттарды ескере отырып, ӘҚБтК-нің осы бабының жаңа редакциясы әзірленді. Ол баптың диспозициясы мен санкцияларын Қылмыстық кодекстің 367-бабына ("Пара беру") ұқсас етіп, бірнеше есе айыппұл түрінде қайта қарауды көздейді. Айыппұл сомасы заңды тұлғаның атынан немесе мүддесі үшін берілген материалдық сыйақы (пара) сомасына байланысты 30-дан 60 есеге дейінгі мөлшерді құрайды", – деді Сарқұлов Мәжілістің пленарлық отырысында.

Бұдан бөлек, заң жобасында құқық қолдану тәжірибесінің қорытындысы бойынша өзгерістер қарастырылған.

  • арнайы және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілігін белгілеу (қазіргі уақытта тек тәртіптік жауапкершілік көзделген);
  • мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген тұлғалардың кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін әкімшілік жауапкершілігін күшейту;
  • сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасаған тұлғалардың мемлекеттік қызметке 2005 жылға дейін (сыбайлас жемқорларды жұмысқа қабылдауға заңнамалық тыйым енгізілгенге дейін) қабылданған болса, қызметте одан әрі көтерілуін шектеу.