"Ұйықтағысы келмеген": Екібастұздағы балабақшада тәрбиеші 2 жасқа толмаған баланы ұрып-соққан (ВИДЕО)
Павлодар облысы полиция департаменті бұл жағдайға қатысты тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады
Екібастұздағы балабақшада тәрбиеші баланы ұрып-соққан. Бұл туралы видео әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бейнежазбада баланың басын көрпемен жауып, ұрып жатқаны көрінеді. Автордың жазуынша, оқиға “Сәби сити” жеке балабақшасында болған. Бұған қатысты Екібастұз қаласының білім беру басқармасы пікір білдірді.
“Аталған факт жеке балабақшада орын алған. Тергеу амалдары жүргізілуде, нәтижесінде тиісті шаралар қабылданады”, – деп хабарлады басқарма өкілдері.
Бейнежазба астындағы пікірлерде баланың қатты соққы алғаны және оның дене жарақаттары тіркелгені айтылған. Сонымен қатар туыстарының айтуынша, күндізгі уақытта ұйықтағысы келмеген. Балабақша қызметкері оған күш қолданған.
“Видеодағы менің жиенім, ол әлі екі жасқа да толған жоқ! Бұл видеодағы жағдай толық емес, әрі қарай бұдан да жаман нәрселер бар. Бала күндізгі ұйқы кезінде ұйықтағысы келмеді, ал олар осылай істеді… Қандай құқықпен олар өзгенің балаларына осылай қарайды? Өз балаларыңды ұрсаңдаршы, ал басқаның баласына тиісуге хақыларың жоқ. Бала қазір психологиялық және басқа да жарақат алды!” – деді баланың туысы.
Liter.kz редакциясына Павлодар облысы полиция департаменті бұл жағдайға қатысты тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.
“Аталған факт Экибастұз қалалық полиция басқармасында тіркелді. Видеоға қатысты полиция тексеру шараларын жүргізуде. Оның нәтижесінде жауапты тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріледі”, – делінген хабарламада.