Алматы облысында мұғалімді шетелдік экс-күйеуі өз үйінде бірнеше рет пышақтап тастаған
Алматы облысы полиция департаментінің қызметкерлері 57 жастағы ер адамды ұстап, аудандық полицияға алып барды
Алматы облысы Қарасай ауданында мұғалімнің экс-күйеуі оның үйіне баса-көктеп кірген. Әйелдің бірнеше жерінен пышақпен тілгілеп, жуырда ғана инсульт алған әкесін 4 сағат бойы орындыққа байлап қойған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл оқиға туралы Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова баяндап берді. Айтуынша, әйел полицияға барып экс-күйеуінен талай рет қорған сұраған
«Менің бұрынғы әріптесім, яғни, мұғалім адам кеше Қарасай ауданындағы өз үйінде бір жыл бұрын ажырасып кеткен экс-күйеуінен қорлық көрді. Бұрынғы күйеуі үйдің есігін бұзып кірген. Сол сәтте үйде әйелдің қарт әкесі ғана болған. Ол адам жуырда инсульт алған. Күдікті төрт сағат бойы бұрынғы әйелінің әкесін қинап, мазақ етіп, оны орындыққа байлап қойған. Әйел үйге келгенде күдікті оған да тап берген», - деп жазады депутат.
Депутат Қарасай ауданының жұмысын сынады.
«Мұғалім бірден полиция мен жедел жәрдем шақырған. Бірінші келген жедел жәрдем үсті-басы қан-қан екі адамды полицияға алып барып, дәлізде 1 сағат күттірген. Полиция «ешкім өлген жоқ қой» деп дәлізде тұрған оларға қарамаған. Алматы облысының полициясында түк те өзгермеген», - дейді депутат.
Айтуынша, әйелдің экс-күйеуі Түркия азаматы. Қазақстанда құрылыста істейді. Қазір жұмыссыз жүрген ол тағы да барып жәбірленушінің үйіндегі ыдыс-аяғын қиратып кеткен.
«Алматы облысы полиция департаментінің қызметкерлері 57 жастағы ер адамды ұстап, аудандық полицияға алып барды. Ол бұрынғы әйелі мен оның әкесін ұрып-соққан. Қазір тергеу жүріп жатыр. Оқиға 16 қаңтар күні, бұрынғы ерлі-зайыптылар арасында жанжал туындаған кезде болған», - деп хабарлайды Алматы облысының полиция департаменті.