Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу үшін енді жаңа ереже пайда болды
Мамандар мұны жемқорлықтың алдын алу үшін жасалған ереже деп түсіндірді.
Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында өткізілетін теориялық және тәжірибелік емтиханға енді тек "ХҚКО" қосымшасы арқылы ғана жазылуға болады. Бұл туралы "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының ресми сайтында хабарланды, деп жазды KYN.KZ тілш
Мемлекеттік корпорация өкілдері бұл жаңашылдық азаматтарға ыңғайы болу үшін және сыйбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталғанын айтады.
"Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында "ХҚКО" қосымшасының барлық қолданушысы екі факторлы аутентификациядан өтеді: алдымен – биометриялық идентификация, сосын 1414 нөмірінен келіп түскен SMS-коды арқылы өзінің жеке басын растайды. Одан кейін жүргізуші куәлігіне үміткер "Теориялық емтиханға жазылу" немесе "Тәжірибелік емтиханға жазылу" батырмасын таңдайды. Бұдан соң қызмет алушыға 1414 нөмірінен хабарлама келіп түседі.
Айта кету керек, SMS хабарлама Мобильді азаматтар базасына тіркелген телефон нөміріне жіберіледі. Қосымша арқылы емтиханға жазылу үшін алдын ала мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына жүгініп, өтінім нөмірін алу қажет екенін ескертеміз", - делінген хабарламада. Бұл сервис емтихан уақыты мен емтихан тапсыру кестесіндегі өзгерістер туралы пайдаланушыларға хабарлап отырады. Бұл ақпаратты ыңғайлы түрде және дер кезінде алу мүмкіндігін едәуір арттырады.
Еске сала кетейік, емтиханға жазылу бұрын booking.gov4c.kz сайтында жүзеге асырылатын, алайда "ХҚКО" мобильді қосымшасы арқылы қызметті кеңейтілген ауқымда алу үшін сайттағы брондау функциясы өшіріледі. Десе де сайт пайдаланушыларға емтихан тапсыру сәтінің трансляциясын онлайн режимде көрсету үшін өз жұмысын жалғастыра береді.
Аталған қосымша ХҚКО-ға бару уақытын брондауға, электронды кезек үшін талон алуға, қызықтырған халыққа қызмет көрсету орталығының орналасқан мекенжайын табу және өзекті сұрақтармен танысуға мүмкіндік береді. Айта кету керек, "ХҚКО" қосымшасын Google Play және App Store арқылы жазып алуға болады.