Қоғам

“Роботтың көмегімен қозғала бастады”: Ербаян Мұхтардың денсаулығы жақсарды

Сарбаздың басына ота жасалып, инфекциясы жазылған

Өткен жылы әскердк ми жарақатынан кейін комаға түскен сарбаз Ербаян Мұхтардың қазіргі жағдайы белгілі болды. Бұл туралы Инга Иманбай желідегі парақшасында бөлісті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Ұлттық ұланның бұрынғы сарбазы Ербаян Мұхтар жарты жылдан астам комада жатқан болатын. Қазір ол Түркияның Стамбул қаласында ем алып жатыр. 

Қорғаушының айтуынша, сарбаздың денсаулығы жақсарған. Басына сәтті ота жасалып, инфекциясы жазылған. Катетер мен мұрнынан зонды алынды.

"Ол салмақ қосып, роботтың көмегімен қозғала бастады. Өз бетімен аздап тамақ іше бастады. Дәрігерлердің болжамы жақсы, бірақ толық жазылу үшін уақыт қажет", – деді Инга Иманбай.

Айта кетсек, Ербаян Мұхтар ұлттық ұланның Алматы қаласындағы 5571 әскери бөлімінде борышын өтеп жүрген. 2023 жылдың желтоқсанында сарбаз ми жарақатын алып, комаға түскен. Әскери бөлім басшылығы сарбаздың туыстарына Ербаянның дәретханада құлап, басын еденге соғып алғанын айтқан. Алайда жақындары ұлдарының абайсызда құлап қалғанына сенбейді.