“Айтқаныма көнбеді”: АҚШ-та тұратын қазақ жігіті шетелдік қыздармен көңіл жарастыра алмаған
Жігіт ТМД-ның қыздарымен де қарым-қатынас құра алмаған екен
АҚШ-та тұратын қазақ жігітінің Америкада қарым-қатынас құра алмай жүргенін айтқан видеосы сынға қалды. Ер адам шетелдік қыздардың тамақ дайындап, кешке күтіп алмайтынына наразылығын білдіреді. Осыдан соң желі қолданушылары әйелді тамақ дайындауға міндетті деп қарамау керегін айтып, жігіттің талабына шүйлікті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы abdulla_kz_kz парақшасында жарияланды.
Адай in usa лақап атымен белгілі Асқар есімді жігіт АҚШ-та тұрады және желіде сол туралы түрлі контенттер түсіреді. Кезекті видеоларының ішінде АҚШ-тағы қарым-қатынас пен сондағы қыздар туралы айтқан. Сөзінше, мұнда түсініктердің әртүрлі болғанына байланысты қарым-қатынастары сәтсіз аяқталған.
“2 рет қарым-қатынаста болдым. Сол үшін жақсы ауданнан сапалы пәтерлер жалдадым, себебі отбасы болған соң ыңғайлы жерде тұрған дұрыс қой,қарым-қатынасқа түспеген кезімде кез келген жерде тұра беремін. Америкалық қызбен тіл табыстым, көңіл жарастырып, бірге тұра бастадық. Бұл жақта демократия, феминизм деген барын білемін, ал мен әдейі ондайдан алшақ қызды іздедім. Өйткені отбасыда мен бастықпын, мен шешім қабылдаймын, мен бәрін төлеймін, қауіпсіздікке жауап беремін, бәрін өзім шешемін. Әйел ісіме араласпасын, менің сөзім заң”, – деді ер адам.
Ол қызға “ең маңызды” талабын айтыпты.
“Мен сүйіктіме жұмыс істемей-ақ қой, бірақ істегің келсе, мейлі, өз еркің дедім. Бірақ үйге келгенде, тамағым дайын тұру керек. Алғашында бәрі жақсы болған, кейін ұрыстар көбейе бастады. Алайда шыдамның шегіне жеткізген мына нәрсе болды: Үйге келсем, есі дұрыс тамақ жоқ. Мен есі дұрыс еркекпін және дұрыс тамақтанғым келеді, ет дайын тұрғанын қалаймын. Ал ол фастфудтан тапсырыс бере салған, оның үстіне суып кеткен. Осы кезде “болды, жетер” деп ойладым, осылайша екіге кеттік”, – деді Асқар.
АҚШ-тағы қазақ жігіт қытайлық қызбен де көңіл жарастырған екен.
“Онымен жұмыс кезінде танысқан едік, осылай қосылдық. Оның табысы менікінен 4 есе көп. Алайда баяғы жағдай қайталанды, үйге келсем, ыдыста рамен тұр. Мен раменды жек көремін. Оның үстіне рамен жеу үшін емес, ұлы істер үшін жаратылған адаммын. Әңгіме айтайын десем, қалжыңды да ұқпайды. Сол үшін арақатынасты тоқтаттым”, – деді АҚШ-тағы қазақстандық жігіт.
Желі қолданушылары түрлі пікірлер қалдырды. Кей блогерлер оның сөзіне шүйлігіп, пікірлерімен бөлісті. Айтуынша, Қазақстанда қоғамда ер адамдарды тым еркелетіп жіберген.
Асқар ТМД-ның қыздарымен де қарым-қатынас құра алмаған екен. Айтуынша, жігіттің жағдайына қарайды екен.