Қоғам

Сарыөзектегі сарбаздың өлімі: тың мәлімет белгілі болды

Командирлер Дастанның әскери қызметке бейімделу барысында депрессияда жүргенін уақытылы анықтап, оған қажет моральдық және психологиялық қолдау көрсете алмаған

Генерал-майор Мереке Күжекбаев Сарыөзектегі қатардағы сарбаз Дастан Құрманбектің өліміне қатысты қайғылы оқиғаның мән-жайын айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.

Ол бұл істі тергеуге оның жеке бақылауымен, құрлық әскерлері бас қолбасшысының басқармасы мен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің лауазымды тұлғалары қатысып, жүргізілгенін атап өтті. Сондай-ақ, қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Тергеумен әскери құқық қорғау органдары айналысып жатыр. 

«Қауіпсіздік шаралары мен қару-жарақпен жұмыс істеу бойынша нұсқаулықтар беріліп, оған қол қойылған. Тергеу мүддесіне байланысты оқиғаның мән-жайын толық айта алмаймын. Тергеу нәтижелері қосымша хабарланады», – деді генерал-майор.

Күжекбаевтың айтуынша, алдын ала тергеу нәтижелеріне сәйкес, командирлердің жеке құраммен жұмыс істеуі барысында кемшіліктер анықталған. Командирлер Дастанның әскери қызметке бейімделу барысында депрессияда жүргенін уақытылы анықтап, оған қажет моральдық және психологиялық қолдау көрсете алмаған.

«Әскери бөлімдердегі командирлік жұмыстың жүйесі сарбаздардың мінез-құлқындағы өзгерістерге жедел әрекет етуге тырысады. Бұл жағдайда, 8 қаңтарда Дастан Құрманбектің бір нәрсені алаңдап жүргені анықталғаннан кейін, бөлім командирі онымен жеке әңгімелесіп, ата-анасымен телефон арқылы сөйлескен. Олар 12 қаңтарда бөлімге келіп, ұлдарымен кездесті», – деп мәлімдеді бас қолбасшы.

Дастанға сол күні сағат 17:30-ға дейін бөлімнен шығуға рұқсат берілген. Демалыстан оралған соң, қатардағы жауынгер де, оның ата-анасы да командирге немесе құқық қорғау органдарына шағым немесе өтінішпен жүгінбеген.

«Әскери ұжымдағы, оның ішінде офицерлер мен сержанттарға байланысты қандай да бір проблема анықталған жоқ», – деп толықтырды Күжекбаев.