Саясат

АҚШ Қазақстаннан 49 жылға жер телімін жалға алады

Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті заң жобасы бойынша қорытынды әзірлейді

АҚШ үкіметі Қазақстаннан жалға жер алуға ниет білдірді. Тиісті заң жобасын Мәжіліс депутаттары қарайтын болды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Бұл бастама аясында Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары үкіметтері арасындағы келісімді ратификациялау жоспарланған. Осы келісім бойынша америкалық тарап Алматыда консулдық мекеменің ғимаратын салу үшін жер телімін жалға алады.

Депутат Айгүл Құспанның мәліметінше, қаралып жатқан келісімге өткен жылы 27 қыркүйекте Нью-Йоркте қол қойылған.

"Келісімнің мақсаты – АҚШ үкіметіне Алматыда консулдық мекеме салу және пайдалану үшін 70 мың шаршы метрден астам жер телімін 49 жыл мерзімге жалға беру. Келісімнің ережелері жер телімін беру тәртібі мен шарттарын анықтайды. Комитет заң жобасын жұмысқа қабылдауға және оған қорытынды әзірлеуге дайын. Қолдауларыңызды сұраймын", – деді Құспан Мәжілістің пленарлық отырысында.

Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті заң жобасы бойынша қорытынды әзірлейді. Құжат палатадағы келесі отырыстарда қаралады.