Қоғам

"5 келіден артық сатылмайды": Астанада сауда нүктесінде картоп сатуға шектеу енгізілді

Тұрғындардың айтуынша, сауда орындарында картоптың бір келісі 200 теңгеден де қымбат сатылып жатыр

Астанада картоп сатуға уақытша шектеу қойылды. Кейбір сауда желілерінің дүкендерінде бір адамға 5 келіден артық картоп берілмейтін болды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Астана қалалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасына сілтеме жасап. 

"Астанада картоп бағасын тұрақтандыру үшін барлық қажетті шара қабылданды. Картоп тапшылығы жоқ. Қаладағы сауда желілері мен базар сөрелерінде картоп жеткілікті. Оның қоры уақытылы толықтырылып отыр. Өнімді делдалдар көтермелеп сатып алып, әрі қарай үй маңындағы дүкендерге өткізбес үшін бірқатар сауда желілерінің бөлшек сауда нүктелерінде картопты сатуға уақытша шектеу енгізілді, енді бір адамға 5 килограмнан артық берілмейді", - деп хабарлады басқарма өкілдері. 

Осыған дейін Павлодар дүкендерінде картоптың қымбаттағаны хабарланды. 

Тұрғындардың айтуынша, сауда орындарында картоптың бір келісі 200 теңгеден де қымбат сатылып жатыр. Шенеуніктер тұрақтандыру қорындағы көкөніс бағасы бекітілгенін айтқан болатын. Сауда комитеті төрағасының орынбасары Ернұр Жәутікбаев үкімет кулуарында картоп бағасының 500 теңгеге дейін көтерілу ықтималдығы туралы пікір білдірді.

Кейін Сауда және интеграция министрлігі өкілдері Қазақстанда картоп бағасының төмендегенін хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, көкөністің бір килограмының орташа бағасы – 322 теңге.