5 айлық баладағы қанқұрт пен 82 тіс: Аймағамбетов медициналық сақтандыру бойынша «емделудің» былығын айтты
Аймағамбетовтің сөзінше қазір остеохондрозды анықтау үшін бір науқасқа рентген, одан кейін КТ, сосын МРТ және басқа да қосымша тексерулер тағайындалады
Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін сынға алды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Асхат Аймағамбетов МӘМС қорынан көбірек қаржы алу үшін емханалар көрсетілген қызметтер санын негізсіз көбейтіп, есеп беретінін айтады.
“МӘМС бойынша 5 айлық баланың тісін қанқұрттан емдеген екен. 5 айында әлі тісі шықпаған балада қандай қанқұрт болуы мүмкін? Тағы бір адамның 82 тісі емделген. Клиника осылай Қордан ақша сұраған. Бұдан басқа бір адамға бір аурухана 32 қызмет көрсеттік деп есеп толтырған. Мұндай мысалдар өте көп”, – деді ол.
Аймағамбетовтің сөзінше қазір остеохондрозды анықтау үшін бір науқасқа рентген, одан кейін КТ, сосын МРТ және басқа да қосымша тексерулер тағайындалады. Бұның бәрі ақша табудың "заңды" жолы дейді.
"Бізде бұрын стандарттарды анықтайтын Семашко институты болатын. Онсыз медициналық қызметтердің құнын есептеу немесе тіпті артық тұтыну туралы айту мүмкін емес. Солардың негізінде медициналық қызмет көлемін қалыпқа келтіру керек», - деді ол.