«Көрпеге қарай көсілетін уақыт келді». Президент үнемдеуге көшуді тапсырды
Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет қаржысын тек қана аса өзекті мәселелерді шешуге жұмсауды тапсырды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
"Мен реформалардың нақты бағыты мен оны жүзеге асыру жолдары туралы осыған дейін де айттым. Үкімет ел экономикасын тұралап қалудан сақтап, орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін күрделі шешімдер қабылдауы керек және ең бастысы сол шешімдерді іске асыруға тиіс. Бұл – жоғары білікті әрі жауапкершілік алуға дайын мемлекеттік қызметшілердің қолынан келетін жұмыс. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, мемлекеттік аппараттың тиімділігі осындай күрделі кезеңдерде айқын көрінеді", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Үкіметті жаппай үнемдеуге көшуді міндеттеді.
"Үкімет қаншалықты қиын болса да, жаппай үнемдеуге көшіп, бюджет қаржысын тек қана аса өзекті мәселелерді шешуге жұмсауы керек. Көрпеге қарай көсілетін уақыт келді. Орынсыз шығынды тоқтатып, аяғымызды тартып басу қажет", - деді президент.