Талғардағы Шерзат Болаттың өлімі: бас прокурордың орынбасары 117 тергеу әрекеті жүргізілгенін айтты
Сонымен қатар тергеу барысында 39 сараптама тағайындалған
Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Шерзат Болаттың ісіне қатысты іс материалдарымен танысу процесіне қатысты түсінік берді. Бұл іс бойынша 39 сараптама мен 117 тергеу әрекеті жүргізілді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Айтуынша, зерттелетін материалдар өте көп. Іс материалдарымен таныстыру әлі де жалғасуда және бұл ұзақ процесс.
«Қазір материалдармен танысу процесі жүріп жатыр. Іс материалдарымен танысу уақыты ешқандай мерзіммен шектелмейді. Бірақ жалпы айтқанда, тергеу барысында 39 сараптама тағайындалды. 117 тергеу әрекеті жүргізілді. 90 дискке қатысты зерттеу жүргізілді. Яғни зерттелетін материалдар өте көп, бұл үшін белгілі бір уақыт қажет», – деді Қойгелдиев.