«Дәрігер үйде емделуді ұсынып, қайтарып жіберген»: Қарағандыда 13 жастағы оқушы көз жұмды
Жедел жәрдем фельдшері баланың аяғының ісінуі мен жағдайының нашарлауына мән бермеген
Қарағандыда 13 жастағы бала көз жұмды. Жедел жәрдем фельдшері баланың ауруын анықтай алмаған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Qaragandy.online парақшасына жарияланды. Елена есімді әйел 13 жасар ұлының қайтыс болғанын мәлімдеді. Анасының сөзінше, 21-22 қаңтарда Дамирдің дене қызуы көтерілген. Сәрсенбі күні дәрігер шақыртылып, бала тексеруден өтіпті.
Дәрігер тамақтың қызарғанын байқап, суық тиюге қарсы ем тағайындап, дәрілер қабылдауды ұсынған. Сәрсенбі мен бейсенбі күндері Елена ұлын үй жағдайында емдеуді жалғастырады.
Бірақ жұма күні баланың жағдайы нашарлап, қызуы 39,5 градусқа дейін көтерілген. Кейін температура 37,2 градусқа дейін түскен.
Сенбі күні таңертең Елена Дамирді ауруханаға апарған. Дәрігерлер оны тексеріп, үйде берілген емді жалғастыруды ұсынады. Түске қарай баланың температурасы толықтай қалыпқа келгенімен, кешке қарай аяқтарының балтырындағы ауырсынуға шағымдана бастаған. Кешкісін анасы баласының қолының ісінгенін, саусақ ұштарының суып кеткенін байқайды.
Түнге жақын Дамирдің жағдайы күрт нашарлады, анасы дереу жедел жәрдем шақырады. Келген фельдшер баланың аяғының ісінуіне мән бермеген. Тамағын тексеріп, оның қызарып тұрғанын байқағаннан кейін, бұл жай суық тию болуы мүмкін екенін айтып кеткен.
Алайда, түнде баланың жағдайы нашарлап, ауа жетпей қалған. 26 минут кешігіп келген жедел жәрдем баланы реанимация бөліміне алып барады. Дегенмен баланың өмірін сақтап қала алмайды. Анасының айтуынша, баланың жүрегі ауруханаға апара жатқан кезде-ақ соқпай қалған.
Қарағанды облыстық Денсаулық сақтау басқармасы қазіргі кезде осы жағдайға қатысты тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлайды.