Алаңда балаға "ауру" деп ауыр айтқан ер адамның соттағы сөзі жұртты шошытты
4 жасар баланың басынан шертіп, "Ауру балаңды әкелме" деп айқайлаған ер адам 5 тәулікке қамалды.
Тараздағы ойын-сауық орталығындағы балалар алаңында болған дау сотқа жетіп, баланың ерекшелігін жария түрде бетіне басып, кемсіткен ер адам 5 тәулікке қамалды. Бұл жөнінде ерекше баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ана KYN.KZ тілшісіне сұхбат берді.
"Сот болды. Айыпталушы соттың өзінде "Баласы ауру " деді судьяға. Сот шешімі шыққан сәтте кешірім сұрап, айыбын мойындаудың орнына соңына дейін ерегесіп, мені "Бәлеқор" деп атап кетті.",-дейді әйел.
Келіншек қоғамдағы алды-артына қарамай сөйлейтін ересек адамдардың кесірінен барлық дүниеден түңіліп кеткенін жаткізді. Ол баланың әкесі де кезінде өзіне, 8 айлық баласына күш қолданғанын есіне алды. Бірақ, оны жария етуден бас тартты.
Дәрігерлер балаға Аутист деген диагноз қойған. Бірақ енді 5-ке толатын балақай өзгелерге шабуылдап, ерсі әрекетке бармайды деп отыр анасы.
"Ол ер адамның мейірімін қалайды. Нағашыларына солай өзі жақындап, ойнап көңілді жүреді. Әкесі 4 жылдан бері оны іздемейді, көрмеген. Ал бала ер адам көрсе "дядя" деп жақындайды. Кейде үйде мен де ренжіген түр көрсетсем ақырын келіп саусағымен түртіп көреді. Қас-қабағыма қарам, менің көңіл- күйімді солай тексереді. Балалар алаңында да ана ер адамға солай жақындаған.
Бұның сөйлей алмайтынын, саусағымен түртіп көргенін олар шоши қабылдап, дөрекілік танытты. Бала сол түні жылап, өзін өте нашар сезінді. Өйткені менің ерекше балам бүкіл жағымсыз дүниеге өзін кінәлайды. Ол баланың табиғаты. Баласының осындай хәлін көрген ананың жаны ауырады. Әрине қатты қиналдым, түңілдім. Қоғам ерекше адамдарға, жалпы бір-біріне сыйластықпен қарауды, мәдениетті болуды әр адам білсе екен деген тілегім бар. Желіде "Науқас баланың өзі кінәлі" деген пікірлер көп. Сондай ойдағы, пікірдегі, көзқарастағы адамдар осындай қамауға алынған сияқты азаматтарды тәрбиелейді",-деді келіншек.