Қоғам

“Тазы мен төбет” күні”: Қазақстанда жаңа мереке пайда болды

Бұл мерекенің аясында дәрістер, семинарлар, көрмелер мен жарыстар ұйымдастырылатын болады

Қазақстанда 3 қыркүйек Тазы мен төбет күні болып бекітілді. Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Еліміздегі мерекелік күндер тізімі «3 қыркүйек – Қазақы ит тұқымдары күні» деген тармақпен толықты.

Министрлік бұл мерекені енгізу – қазақ халқының мәдени мұрасын, тарихын және дәстүрін дәріптеуге бағытталған маңызды қадам. Сондай-ақ, мереке этнография мен ұлттық мәдениетке қызығатын туристердің назарын аударуға ықпал ететінін мәлімдеді.

«Тазы мен төбеттің маңызын арттыру, кинология саласын дамыту және онымен байланысты салалардың өркендеуі жаңа жұмыс орындарын ашуға, салықтық түсімдерді арттыруға және экономикалық өсімге оң әсерін тигізеді», – деп атап өтті министрлік.

Бұл мерекенің аясында дәрістер, семинарлар, көрмелер мен жарыстар ұйымдастырылатын болады. Аталмыш шаралар ит асыраушылар мен кинологиялық ұйымдарға тәжірибе алмасуға, қазақы ит тұқымдарының ерекшеліктерін зерттеуге және оларды сақтау мәселесін көтеруге мүмкіндік береді.