Басты жаңалықтар

«Басымды жарды»: атыраулық әйел депутат күйеуінен 12 жыл бойы қорлық көргенін мәлімдеді

Әйел депутат күйеуі ортақ 4 баласын алып қоюға күш салып жатқанын айтты.

Атыраулық әйел бұрынғы күйеуі жергілікті мәслихат депутаты - Айбар Ерекешовтан 12 жыл бойы зәбір көргенін мәлімдеді. Төрт баланың анасы ұзақ жылдар бойы оның қорлығына көніп келген, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Атырау облыстық мәслихатының депутаты Айбар Ерекешовтің бұрынғы әйелі Нұржамал Тажғалиеваның сөзінше, күйеуі әр ұрған сайын өзінің түзелетінін айтқан. Алайда, еш өзгеріс болмаған.

«2018 жылы бала емізіп отырған мені басымнан телефонмен жарып жіберген. Сол кезде екі рет полицияға арыздандым. Үстімдегі көгерген жерлер көрінбейтіндей етіп ұратын. Бірақ өзі және ата-анасы айтқаннан кейін полицияға жазған арызымды қайтарып алатынмын. Балалар үшін түзелемін дейтін. 2023 жылы Атырау облысының мәслихат депутаттығына сайланатынын айтып, арызды қайтадан қайтартып алды. Барлық арызым сақталған», - дейді Нұржамал. 

Ажырасқаннан кейін депутат әйеліне ешқандай материалдық көмек көрсетпеген. Айтуынша, қазіргі уақытта жеке сот орындаушысының қаулысына сәйкес 5 989 670 теңге көлемінде алименттік қарызы бар.

«Отбасы болып тұрған кезде де ол жұмыс істемейтін. Мен жұмыс істеп те, балаларды қарап та үлгеретінмін. Депутат болған бұрынғы күйеуімнің ешқандай табысы жоқ болды. Енді ол балаларды ақылға сыймайтын себептермен алып, алимент төлемеу үшін сот ісін бастады», - дейді ол.

Осыған байланысты Нұржамал Тажғалиева бұрынғы күйеуіне бірнеше талап қойды.

«Мен мынаны мәлімдеймін: 12 жыл некеде болған кезде Ерекешов Айбар тарапынан маған бірнеше рет әртүрлі ауырлықтағы дене жарақаттарын салу, ұрып-соғу және қорлау фактілері болды. Облыстық мәслихат депутаты Ерекешов жеке сот орындаушысының қаулысына сәйкес кәмелетке толмаған балаларын, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі баланы асырау үшін 6 млн теңге көлемінде алимент қарызын төлемеген. Мәслихат депутаты Ерекешовтің атына тіркелген атыс қаруы бар, ол бұл үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған, бұл жағдай менің және балаларымның қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Облыстық мәслихат депутаты Ерекешов мен өз қаражатыммен сатып алған, бірақ оның бір тиын да салмаған пәтерлерге негізсіз иелік етпек», дейді депутаттың бұрынғы әйелі. 

Бұрынғы әйелінің өзіне таққан айыпқа қатысты Айбар Ерекешов әлеуметтік желіде тікелей эфирге шықты. Оның сөзінше, экс-әйелі жала жауып отыр.

«Мен Нұржамалмен ресми түрде 2023 жылы ажырасып кеттім. Иә, 2018 жылы басынан жарақат алған болатын, бірден ауруханаға барды. Бірақ оқиға қалай болғанын нақтылап айту керек. Ол үйге мас күйде келіп, құлап түсті. Артынша жол апатына түсіп, басынан жарақат алды. Ол кезде бірге тұрмайтынбыз, деп ақталды мәслихат депутаты. 

Сонымен қатар, депутат әйелін ешқашан ұрмадым деп мәлімдеді. 

«Оған ешқашан қол көтерген емеспін. Бір жағдай ғана болған, оны басқаша жеткізген, ол кезде қызым екеуін ажыратпақ болғанмын. Ол Еуропадан келгеннен кейін, ажырастық. Емізулі баланы қалдырып Еуропада бір айдай жүрді. Оның талабы бойынша екі пәтер мен автокөлікті бердім. Алимент керек емес деп мәлімдеген өзі», - дейді Ерекешов. 

Алайда, мәслихат депутатының сөзінше, 2024 жылдың желтоқсанында әйелі қайтадан алимент талап еткен. Ол ешқашан өз міндетінен қашпағанын айтады.