Қоғам

«4 әйелі, зәулім үйі бар»: Астананың бас имамы өзіне қатысты тараған ақпаратқа пікір білдірді

Алла елшісі: «Сендердің араларыңдағы Алла Тағалаға ең жек көрініштілерің өсек таратып, адамдар арасына іріткі салып, алауыздыққа апаратындарың», – деген

Әлеуметтік желіде Астана қаласының бас имамының үйі деп түсірілген видео тарады. Алайда, бас имам Ерболат Жүсіпов бұл ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Видео авторы үйді мешіт деп ойлағанын қалғанын, бірақ бұл имамның тұратын зәулім сарайы екенін айтқан.

«Астана қаласы бас имамының үйі екен. Ал енді садақа беріңдер. Әр жұма сайын салған садақаларың қайда кетіп жатыр? Қалтаға кетіп жатыр бәрі. Не деген сарай мынау!? Төрт әйелі және жеке аспазы бар екен. Сендердің садақаларыңмен жалақысын төлейді. Мынаның арғы жағын көрсең, 1 гектар жерді қоршап алған», – деді видео авторы.

Бірақ бас имам Ерболат Жүсіпов бұл ақпараттың жалған екенін айтып, дін өкілдеріне күйе жағу екенін жеткізді.

«Қазір әлеуметтік желіде Ислам дініне және діннің айналасында жүрген азаматтарға күйе жағу мәселесі белең алды. Ондай адамдар тым шектен шықты деп айтуға болады. Ең әуелі Алла оларға хидаят берсін дейміз. Facebook, TikTok әлеуметтік желісінде белгісіз бір азамат жалған аккаунт арқылы «Мынау тұрған зәулім үй Астана қаласының бас имамының үйі» деген мазмұнда видео бөліскен. Бұл мүлдем шындыққа жанаспайтын өтірік ақпарат екенін қаперлеріңізге саламын. Алла елшісі: «Сендердің араларыңдағы Алла Тағалаға ең жек көрініштілерің өсек таратып, адамдар арасына іріткі салып, алауыздыққа апаратындарың», – деген. Ардақты мұсылман қауым, арандатушылардың өсек-аяңынан баршамызды сақтасын. Мен, Ерболат Жүсіпов Астана қаласының Бас имамы ретінде бейне материалда тараған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеймін», – деп жазды имам.