Қоғам

“Көлігінен кінәрат табылған”: қазақстандық салонды сотқа беріп, 20,5 миллион теңге өндіріп алды

Тұтынушының айтуынша, қозғалтқышқа құйылған май келесі күні сүзгі арқылы сыртқа ағып кеткен

Салоннан жаңа көлік сатып алған Павлодар тұрғыны 20,5 миллион теңге өндіріп алды. Жәбірленушінің айтуынша, ол жергілікті автосалоннан құны 19 190 000 теңге тұратын жеңіл көлік сатып алған. Оған қоса көлік құралын сақтандыруға 1,7 млн теңге рәсімдеген, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап. 

Белгілі болғандай, жаңа көлік дилердің алғашқы техникалық қызмет көрсетуінен соң бұзыла бастаған. Тұтынушының айтуынша, қозғалтқышқа құйылған май келесі күні сүзгі арқылы сыртқа ағып кеткен. Одан соң көлік бір ай сервистік орталықта тұрған. 

“Осы кезеңде автокөліктегі қозғалтқыш ашылған. Бұл ретте орталық мамандары қозғалтқышты ашу және бөлшектерін ауыстыру жүргізілгені туралы жазбаша құжаттар ұсынбаған. Біздің департаменттің мамандары азаматқа сотқа дейінгі талап қоюға көмектесті. Әрі қарай тұтынушы сотқа автокөлікті сатып алу-сату шартын бұзу және ақшаны қайтару туралы талап арызбен жүгінді. Сондай-ақ, департамент сот үдерісіне дербес талап қоймайтын үшінші тұлға ретінде қатысты”, – деп хабарлады Павлодар облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінен.