Қоғам

«Құлдықта болған жоқпын»: Қызылорда облысында 20 жыл азап шектік деген отбасы айтқандарын жоққа шығарды

Ағайын арасы кикілжің болған, қазір екі отбасы татуласыпты

Қызылорда облысы Қазалы ауданының Ақсуат ауылында тұратын отбасы әлеуметтік желіде 20 жыл құлдықта болғанын айтып, видео жариялаған болатын, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі El.kz- ге сілтеме жасап.

«Мен Жалғасбаев Қожагелді. Осы жаққа 2004 жылы көшіп келдім. Ағайын адамбыз ғой. Құлдықта болған жоқпын. Ағайын болған соң, жай жұмсайды. Ашумен айтып тастадым. Баламның қолы ештеңе емес. Адамдар айта береді ғой. Ренішім жоқ. Үйімді алып беремін деп отыр, мал бермекші», — дейді Қожагелді Жалғасбаев.

Сонымен бірге жергілікті блогер Үйтолған Жареке әкесі «қолын шапты» деген сөзін де жоққа шығарды. Қолын шөп турағыш шайнап кетті деп айтып отыр. 

«Бұлар мал иесі байға бөтен емес, туған нағашысы екен. Қарақалпақстанда жағдайы болмай жүрген жерлерінен алдырған. Осы жұмысты беріп, бас-көз болып отырған. Ешқандай еңбек келісімшартынсыз, құжатсыз. Момынның есебін қу табады демей ме? Әйтпесе анасының туған бауырына осыншалық жаны ашымастық көрсету үшін ол жиеннің жүрегі қандай болуы керек? Бүгін: «Нағашы мен жиен татуластық. Ағайын арасы кикілжің еді. Малшы отбасына жылдар бойы мал бақтырып келген жиені үй алып беріп, еншісін беріп бөлек шығарып жатыр», деген ақпарат келді. Ағайын араласады. «Қол сынса, жең ішінде, бас сынса, бөрік ішінде» деп қазақшылықтары еске түсе қалады. Осы отбасы құм арасы құладүзде бейнетке батып, есесі еленбей жүргенде қайда сол қазақшылықтарың? Енді сол алып берген үйде тұрып қатарға қосылып кетсін», — дейді блогер.

Айта кетсек, осыған дейін Жалғасбаев 24.kz тілшісіне 20 жыл бойы жергілікті кәсіпкер жалғыз өзін ғана емес, жолдасы мен бала-шағасын да қара жұмысқа жеккенін айтқан болатын.