Үкімет осы жылы шегірткемен күресуге 7 млрд теңге бөледі
Ұлттық экономика министрінің айтуынша, далалық жұмыстарға қаржыландыру көлеміне былтыр 350 млрд теңге бөлінген
Сенат кулуарында вице-премьер - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин биыл шегірткемен күресу үшін қанша қаржы бөлінетінін айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
«Былтырғы мәселелерді есепке алып, 7 млрд теңге қаражат дайындадық. Былтыр зиянкестің таралу аумағы 3 млн гектар болса, биыл 2 млн гектарға дейін азайды. Қосымша қаражат қарап жатырмыз. Былтырғыдай болмайды, химиялық реагенттер сатып алынды, техника дайын», -деді Жұманғарин.
Айтуынша, далалық жұмыстарға қаржыландыру көлеміне былтыр 350 млрд теңге бөлінген болса, 2025 жылы бөлінген қаржы – 700 млрд теңге. Көктемге дейін өткен жылғы 195 млрд теңге көлеміндегі қарыздарды жабу мүмкіндігі бар деген болжам бар.
Айта кетсек, өткен жылы шегірткемен күреске 8,1 млрд теңге бөлінген болатын.