Басты жаңалықтар

Қаңтар оқиғасы: археологқа оқ атқан подполковник 7 жылға сотталды

Тергеу мәліметінше, оның әрекеті «Билікті асыра пайдалану, ауыр зардаптарға әкеліп соқтыру» бабы бойынша қаралды

Алматы гарнизонының әскери соты Қаңтар оқиғасы кезінде археолог Ерлан Жағыпаров пен Әуез Қапсалановтың өліміне кінәлі деп танылған Ұлттық ұланның бұрынғы подполковнигіне үкім шығарды, деп хабарлайды KYN.KZ.

Сот ісі жабық режимде қаралды. 

Айыпталушы Айтжан Әубәкіров 5571 әскери бөлімінде командирдің тәрбие, әлеуметтік және құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары болған. Тергеу мәліметінше, оның әрекеті «Билікті асыра пайдалану, ауыр зардаптарға әкеліп соқтыру» бабы бойынша (ҚР ҚК 451-бабы 2-бөлігі) қаралды.

Әубәкіров 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

49 жастағы Ерлан Жағыпаров — тарихи мұраларды зерттеумен айналысқан белгілі ерікті, «Петроглиф іздеушілер» қоғамының мүшесі. Қаңтар оқиғасы кезінде ол Республика алаңында калашник автоматынан тура атылған оқтан қаза тапты.

Марқұмның туыстары оны бірнеше күн бойы іздеді. Әлеуметтік желілерде оның жоғалғаны туралы хабар тарады. Ақыры 12 қаңтарда қаралы хабар жетті: Ерлан Жағыпаровтың денесі мәйітханадан табылды. Оның інісі Нұрлан Жағыпаровтың айтуынша, Ерланды мәйітхана дәлізінде, қолына кісен салынған, азаптау белгілері бар күйінде тапқан. Құқық қорғау органдарының есебіне сәйкес, ол жүрек тұсына тиген оқтан көз жұмған.