Атбасар түрмесінде Тимур Данебаевты азаптаған деп айыпталған 12 қызметкер сотта ақталып шықты
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ, оған 15 күн ішінде шағымдануға болады
Көкшетау соты Атбасар түрмесіндегі азаптау ісін қарады. Белсенді Тимур Данебаевты азаптаған 12 қызметкер сотта ақталып шықты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі «Азаттыққа» сілтеме жасап.
Желіде түрме қызметкерлерінің тұтқындарды азаптағаны көрінетін видеолар 2023 жылы қыркүйекте тараған болатын.
Сотқа тартылған 12 қызметкер «Азаптау» бабы бойынша айыпталған. Бұл іс бойынша 41 жәбірленуші бар.
"Сот шешімімен бұрынғы 12 қызметкер толық ақталып, тергеу кезінде қамауда болған үш адам бостандыққа шықты. Сонымен қатар, ақталған азаматтар "заңсыз қылмыстық қудалау" үшін өтемақы талап етуге құқылы. Олардың мүліктеріне салынған тыйымдар алынып, тоғыз азаматқа қатысты кепіл сомасы қайтарылады. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ, оған 15 күн ішінде шағымдануға болады”, – делінген ақпаратта.
Тимур Дәнебаев 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Алматыға «20 мың террорист келгені» жайлы мәлімдемесі үшін президент Тоқаевқа қарсы қылмыстық іс қозғауға тырысқан болатын. 2023 жылы маусым айында араздық тудырды деп 3 жылға сотталған болатын. Кейін Атбасар түрмесінде оны түрме қызметкерлері азаптағаны туралы ақпарат шықты.