«ҚҚС өссе тұрғын үй бағасы қалай өзгереді?»: ұлттық экономика вице-министрі жауап берді
ҚҚС салынатын барлық тауарлар, оның мөлшерлемесі 16 пайызға дейін көтерілуі мүмкін деген талқылауға байланысты, қымбаттайды
Сенат кулуарында бұл сұраққа ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов ҚҚС өссе тұрғын үй бағасы қалай өзгереді деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл сұрақтың жауабын өзі де білмейтінін жеткізді.
"Шынымды айтсам, тұрғын үй бағасы не болатынын білмеймін. Маған белгілісі – соңғы 15 жылдағы тарихи деректерге көз жүгіртсек, жылжымайтын мүлік – бұл долларлық емес, теңгелік тауар. Яғни, тұрғын үйдің бағасы негізінен теңгемен белгіленеді және ұлттық валютаға тәуелді. Мұны статистикалық мәліметтер растайды. Әр адам мұны өз бетімен зерттей алады.
Тіпті доллар бағамы өзгерсе де және кейбір сатушылар теңге бағасын долларға сәйкестендіріп түзетсе де, уақыт өте келе бағалар бәрібір теңгелік негізгі деңгейіне қайта оралады. Себебі жылжымайтын мүлік – бұл теңгелік актив, ол табысты теңгемен береді", – деп түсіндірді вице-министр.
Қасенов ҚҚС жаңа тұрғын үйлерді салуға қолданылмайтынын айтты.
"ҚҚС бастапқы нарыққа, яғни жаңа тұрғын үйлерді сатуға қолданылмайды. Бәлкім, басқа бір механизм енгізілуі мүмкін немесе өзге салық.
ҚҚС салынатын барлық тауарлар, оның мөлшерлемесі 16 пайызға дейін көтерілуі мүмкін деген талқылауға байланысты, қымбаттайды. Біз инфляцияға қысқа мерзімді бір реттік әсер шамамен 3–3,5 пайыз деңгейінде болады деп күтіп отырмыз. Бұл ҚҚС-қа жататын барлық тауарларды қамтиды", – деп түсіндірді шенеунік.
Сонымен қатар журналистер коммуналдық қызметтер бағасын да сұрады.
"ҚҚС енгізілген барлық тауар мен қызмет бір реттік қымбаттайды. Олардың құны мөлшерлеме айырмашылығына байланысты автоматты түрде өседі. Алайда бұл әсер қысқа мерзімді болады", – деп жауап берді Арман Қасенов.