«Медбикемен бірге 6 миллион теңге алған»: Қарағандыда басқаның күйеуін баласының әкесі етіп көрсеткен әйел сотты болды
Қазіргі уақытта сәбилерді бағып отырған екі отбасы да айыпталуда
Қарағандыда жаңа туған сәбилерді сату ісі бойынша алты адам сотқа тартылды. Қылмыстық іс кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі облыстық мамандандырылған сотта қаралып жатыр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Сот мәліметінше, айыпталушы көпбалалы ана 2022 және 2023 жылдары екі бала дүниеге әкеліп, кейін перинаталдық орталықтағы таныс медбике арқылы сәбиі жоқ отбасыларға берген. Тергеу нұсқасына сай, әйел қаржылық қиындықтар салдарынан осындай қадамға барған. Медбикемен бірге ол балалар үшін 6 миллион теңге алған.
Тергеу болжамы бойынша, 2022 жылдың қаңтарында және 2023 жылдың тамызында ол қаладағы перинаталдық орталықтарда екі сәби туып, қаражат тапшылығына байланысты балаларды асырай алмайтынын түсінген. Сөйтіп, таныс медбике арқылы баласы жоқ ерлі-зайыптылармен кездесіп, әр баланы үш миллион теңгеден сатқан деп айыпталып отыр. Прокурордың айтуынша, бұл Қылмыстық кодекстің 135-бабы 2-бөлігі 1 және 2-тармақтарында көзделген қылмыс болып саналады.
Сот алдында тек балалардың биологиялық анасы ғана емес, сәбилерді сатуға көмектесті делінген медбике де жауап беріп жатыр. Сонымен бірге қазіргі уақытта сәбилерді бағып отырған екі отбасы да айыпталуда. Оларға кәмелетке толмағандарды сатып алу және басқа мәмілелер жасау бойынша кінә тағылған.
Тергеушілердің мәліметінше, биологиялық ана "сатып алушы" ерлі-зайыптылармен бірге АХАТ-қа барып, әкелікті растау туралы өтініш тапсырған. Сөйтіп, туу туралы куәлікте "әке" графасында айыпталушылардың аты-жөні көрсетілген. Отбасылардың бірі осы құжатқа сүйеніп, сот арқылы бала асырап алу рәсімінен өткен. Прокурордың айтуынша, айыпталушылардың кінәсін дәлелдеу үшін биологиялық ананың және медбикенің банк шоттарына жасалған аударымдар анықталған, ал ақшаның бір бөлігі қолма-қол берілген.
Алайда айыпталушылар прокурормен келіспейді. Айыпталушылардың бірі сатып алу-сату болмағанын айтады. Сәбидің біреуін тәрбиелеп отырған әйел оны балалар үйіне түспеуі үшін алдық деп түсіндіреді.
"Біз жұбайым екеуміз 15 жыл бала көтеруді аңсадық, талай емделдік, дәрігерлер мен қасиетті жерлерге бардық. Үмітіміз үзілген кезде, таныстарымыз перзентханада сәбиден бас тартпақ болған әйел барын айтты. Ол кісімен кездестік, сөйлестік. Ол "баланы күтіп, жақсы көретін отбасыға бергім келеді" деді. Әңгімеден соң бізді таңдайтынын айтып, ештеңе керек емес екенін түсіндірді. Оның мақсаты — баланың балалар үйіне түспеуі. Бұл шешімді қабылдаудың оған да оңай болмағанын байқадым", – дейді айыпталушының бірі.
Сонымен бірге ол биологиялық ана мен медбикеге үш миллион теңге аударды деген айыпты жоққа шығарады. Өз сөзінше, әйел жүктілік кезінде бар болғаны 19 500 теңге жіберген, ол ақша дәрумендер мен медициналық тексерулерге жұмсалыпты.
"Біз заң бұзған жоқпыз. Әйел "әке" деген графаға қалаған адамды жазуға құқылы. Ол бізді таңдап, күйеуімді әке етіп тіркеді. Бұл жерде не заңсыз? Туу туралы куәлігінде анасы бәрібір сол кісі. Біз заңды түрде асырап алуға үлгермедік, өйткені тергеу басталып кетті. Біз оны өз баламыздай тәрбиелеп отырмыз, қабылдаушы ата-аналар мектебінде оқыдық. Ол – біздің сәбиіміз, біз оны шексіз жақсы көреміз. Енді бізді "балалар сатушылар" қылып көрсеткісі келіп жатыр. Бұл балалар үйге түскенде жақсы болар ма еді? Олар бұған лайық емес қой. Бізге тағылған айып алынса екен дейміз, өз балаларымызды тыныш өсіргіміз келеді. Біздің кінәміз – өз баламызды туа алмағанымыз емес. Тергеу басталғалы бір жыл болды, өміріміз азапқа айналды", – дейді айыпталушы.