«Асабалардың 80 пайызы кітап оқымайды, сауатсыз»: Таразда той-томалаққа қатысты ережені жетілдіріп жатыр
Жаңа бастамада тойға шақырылатын адам санын шектеп, 50 адамға дейін қысқарту да қамтылған
Тараздағы той-томалаққа жан-жануарларды кіргізуге тыйым салынбақ. Жаңа жазылып жатқан ортақ ережеде тойдағы дастарқан мәзірінен бастап, асабаның әзіл-қалжыңына дейін қатаң талап қойылатын болды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК жаңалықтары.
Жаңа жарғыда ұлттық тәрбиеге қайшы ерсі әрекеттер мен дөрекі қылыққа жол бермеу туралы жазылған. Сондай-ақ қауіпсіздік үшін ат, түйе, жылан сынды жануарларды жолатуға болмайды. Қазір әкімдік жанындағы Руханият орталығының мамандары қоғам белсенділерімен бірлесіп құжат дайындап жатыр. Олар той иесіне жаңа ережені ұстану экономикалық жағынан тиімді болады дейді. Айтуларынша, демалыс күндері тойханалар маңындағы қоқыс жәшіктері желінбеген асқа толады. Сондықтан аста-төк дастарқанды шағын мерекелік ас мәзіріне ауыстыру керек.
Жаңа бастамада тойға шақырылатын адам санын шектеп, 50 адамға дейін қысқарту да қамтылған. Бұл той шығынын азайтып қана қоймай, рухани құндылықты кеңінен насихаттауға жол ашпақ. Қазір өңірде асабалардың жеке қауымдастығы құрылып, ортақ ережені жетілдіріп жатыр.
«Қазіргі асабалардың 80 пайызы кітап оқымайды, сауатсыз. Қандай дәстүр, не айтылып жатқанын білмейді, есі дұрыс, ұлтқа жаны ашитын, дәстүрін құрметтейтін, тойды дақпырт-дарақыға айналдырмай, мәдениет қалыптастыра алатын асабалардың беті бері бұрылды. Ысырапқа жол бермеймін деген кәсіпкерлердің де беті бері бұрылды. Қалғандары да келеді деп ойлаймын», - дейді Ш.Мұртаза атындағы Руханият орталығының директоры Жасұлан Әбдіхалық.