«Келіспеуге амалым болмады»: Қыдырәлі Болманов экс-шенеунік Иманғали Тасмағамбетовтің өзін қызметке шақырған кезін еске алды
- автор Томирис Тоныкөк
- 17 ақпан, 2025
- 2.1k

Белгілі продюсер Қыдырәлі Болманов осыдан 17 жыл бұрын оқиғасын еске алды. Оны бұрын Алматы қаласының әкімі болған Иманғали Тасмағамбетов қызметке шақырған екен, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Өнер иесі Иманғали Тасмағамбетовтің өзіне қалай қызмет ұсынғаны туралы баяндап берді.
“Бір күні Астанадан жаңа жылға қонаққа келген досымды шығарып салдым. Жаңа жыл қарсаңында 2-3 күн ұйқы қанбаған, үйге жетіп, ұйқы деген "айырылмас махаббатымның" құшағына "бетпен" құлап, ұйқыны бір қандырсам болды деген ойда ғана тұрдым. Сол сәтте телефон шырылдады. Таныс емес нөмір. Көтердім. "Ало, сәлеметсіз бе, Алматы әкімдігінен, Иманғали Нұрғалиұлының қабылдау бөлмесінен қоңырау шалып тұрмыз. Қыдырали Нұртайұлысыз ба?" деді. "Иә, менмін" дедім. "Сізді Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов кешкі сағат 20:00-де күтеді" деді. Ұйқы деген арсыз ғой, оның үстіне демалыс: "кешіріңіз, бүгін үлгермеймін" дей бергенім сол еді: "Сіз қайдасыз?" деді телефонның арғы жағындағы адам жұлып алғандай. "Тауға шығып кетіп едім" деп едім, хабарласып тұрған азамат та осал "жау" емес екен: "Сол тауға шыққан жолың бар емес пе, сен айналайын, сол жолмен қайтадан түсе ғой, сағат 21:00-де Иманғали Тасмағамбетов сені күтеді" деді. Сөз тапқанға қолқа жоқ, келіспеуге амалым болмады, сағат 21:00-де әкімнің кабинетінің есігін аштым", – деп әңгімесін бастады продюсер.
Айтуынша, "Ұлытау" тобымен бірге Америкадан жеңіспен оралғанда құттықтаған жалғыз шенеунік осы Иманғали Тасмағамбетов болған екен. Кездесуде соны ойлаған әнші экс-әкімнің ұсынған қызметінен сол себепті бас тарта алмапты.
“Бір жағынан, мен түк түсінбей отырған соң қалай "иә" дерімді, екінші жағынан, "Ұлытау" тобымен бірге Америкадан жеңіспен оралғанда біздің қолымызды алып, құттықтаған жалғыз шенеунік – Иманғали Тасмағамбетовке қалай "жоқ" деп айтарымды білмей отырмын. Бар айтқаным "қашан?" деген сөз болды. Қысқасы, қандай жобаға келіскенімді білмесем де "келісемін" деп айтып қойғанымды түсіндім. Иманғали Тасмағамбетов өзі де ұйықтамайды, өзгеге де ұйқы бермейтін, күні-түні елге қызмет ететін адам", – деді Қыдырәлі Болманов.