Мәдениет

«Бейшара болып өмір сүрдік»: актер Еркебұлан Тоқтар көпшілікке үкіметтің шаруасына араласпауға кеңес берді (ВИДЕО)

Айтуынша, әр адам өзінің білетін жұмысымен айналысуы керек

Белгілі актер, боксшы Еркебұлан Тоқтар қоғамдық мәселеге қатысты пікір білдіремін деп көпшіліктің сынына қалды. Оған журналист үкіметтің жұмысына байланысты сұрақтар қойған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Актер үкіметтің жұмысын сынағанша, әркім өз жұмысымен айналысу қажет екенін айтқан.

“Үкіметтің жұмысында не шаруаларың бар?! Әркім өз жұмысымен айналысуы керек қой. Қоғамдағы проблеманы қалай өзгертпекшісің? Мысалы мен өз жұмысыммен айналысамын, басқаның жұмысында шаруам жоқ. Өз жұмысымды жақсы істесем, өмірім жақсы болады. Тура сондай түсінік бүкіл халықта болуы керек. Үкіметтің жұмысына көңілім тола ма, толмай ма – айта алмаймын. Мен өз жұмысыма қатысты айта аламын. Өзімнің жұмысыма көңілім толады. Еңбектенемін, таңертең тұрамын, жұмыс істеймін. Сол кезде жақсы жағдай жасап, өмір сүремін”, – деген еді актер.

Желі қолданушылары актердің сөзіне келіспейтіндерін жеткізіп, неше түрлі сыни пікірлер жазған. Көп ұзамай актер жеке парақшасында пікіріне қатысты өз ойын тарқатып айтты. 

“Нанға бара жатсам, журналист тоқтатып, сұрақ қойды. Ол сұраққа жауап бердім, өз ойымды айттым, жақсы да, жаман да пікірлер жазылды.  Жаман пікір жазғандардың көбі мені “үкіметтен қорқады” деп жазды. Мен үкіметтің жұмысында істемеймін, үкіметтің киносына түсіп жатқан жоқпын, үкіметтің лигасында төбелесіп жүрген жоқпын, үкіметтің ақшасын алып отырған жоқпын. Сондықтан үкіметтен қорықпаймын. Егер қорықсам, бұқараға не ұнайды, соны айта салар едім. Бірақ мен шынайы азаматтық ойымды білдірдім. Мен де аспаннан салбырап түскен жоқпын.  Біз де бейшара болып  15 жылдай өмір сүрдік. Кредит, қарыз, ипотека бар. Осыдан үш жыл бұрын менің автобусқа төлейтін ақшам болмайтын», - дейді актер.

Айтуынша, карантин кезінде базарда істейтін ата-анасының бизнесі құлдырап, қарызға батқан.

«Анау кінәлі, мынау кінәлі демей, өзім өзгерте алатын нәрсені өзгертуге тырыстым. Егер жол ережесін бұзбасаң айыппұл алмайсың, мен ҚҚС деп айғайлағаннан шаруа шешіле қоймайды. Сол үшін өзім білетін нәрсемен айналысамын, өзім білмейтін нәрсеге мұрын сұқпаймын. Өзгерте аламын-ау деген нәрсені өзгертіп жүрмін”, – деп ақталды киножұлдыз.