Қоғам

«Мектептерге осылай бөліп тастайды»: Жамбыл облысында әншінің концертіне мұғалімдерден ақша жиналған

Білім беру сапасын қамтамасыз ету бөлімі жағдай бойынша тексеру жүргізіп жатыр

Жамбыл облысы, Қордай ауданында билеті өтпей жатқан әншінің концертіне мұғалімдерден ақша жиналған. Бұл туралы журналист Гүлмира Әбіқай жазды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Журналистке оқырманының бірінен хат келген. Ол жерде Айбек Қайбулла деген әншінің концертіне билетті мұғалімдерге сатып алуға таратып берген.

«Жамбыл облысы, Қордай ауданынан мынадай хат келіпті: Айбек Қайбулла деген әнші Қордайға келеді екен, билеті өтпей жатыр екен, соның концертіне неге мұғалімдер ақша жинауы тиіс? Қордай аудандық білім бөлімінің тапсырмасы, неге мектептерге бөліп тастайды, билеті өтпесе де біз кінәліміз бе? Қайырымдылық концерт болса бір жөн. Болмайтын нәрсеге ақша жинататын, оның бәрі ұсақ нәрсе екенін түсінемін, бірақ неге білім бөлімі міндеттейді соны? Қайырымдылық концерт болса, жетімдер үйінен келіп концерт қойса с удовольствием баратын едік, мектептерге осылай бөліп тастайды, барсаң да, бармасаң да жинап бересің деп, деген хат келген», - деп жазды ол. 

Оқу-ағарту министрлігі бұл жайтқа қатысты пікір білдірді.

«Білім беру сапасын қамтамасыз ету бөлімі жағдай бойынша тексеру жүргізіп жатыр. Заңбұзушылықтар расталған жағдайда Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске сәйкес тиісті шаралар қабылданады. Сондай-ақ "Педагог мәртебесі туралы" заң талаптарын бұзғаны үшін қызметтік тексерістің негізінде Қордай аудандық жергілікті атқарушы органының өкілі жауапкершілікке тартылады", – деді оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі Мереке Амангелдіқызы.