Шерзат Полатты өлтірді деп күдікке ілінгендерге түрмеде қарауыл қамқорлық жасаған
- автор Томирис Тоныкөк
- 17 ақпан, 2025
- 274

17 ақпан күні Шерзат Полаттың адвокаттары Алматы облысының уақытша ұстау изоляторындағы қамаудағыларды ұстау нормаларын бұзу фактісі бойынша баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Оrda.kz сайтына сілтеме жасап.
Желіде тараған видеода күдіктілер камерада көңіл көтеріп жүргені байқалады: олар «Алиса» дауыстық көмекшісі арқылы музыка сұрап, билеп, Арман деген біреуге сұрақ қояды:
«Асеке, қыздар қайда? Есік аш, есікті аш».
Сенімді дереккөздерге сүйенсек, бір қарауылшы күдіктінің отбасының досы болуы мүмкін, ол УҰИ-да туған күнін атап өткен. Алдын ала мәлімет бойынша, дәл сол адам УҰИ-да мерекелік шара ұйымдастырған.
Алматы облысының полиция департаменті видеожазбаның таралуы бойынша тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.
«Барлық кінәлі тұлғалар, оның ішінде басшылық, қатаң жауапкершілікке тартылатын болады. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынды. Осы құқық бұзушылыққа ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою бойынша шаралар қабылданды» деп жазылған хабарламада.
Дереккөздерге сәйкес, қарауыл жұмыстан босатылып, одан да қатаң жазаға тартылуы мүмкін.
Шерзат Полаттың адвокаты Ерлан Адаев бұл видео тарағаннан кейін Ішкі істер министрлігіне сұрау жолдады.
«Іске қатысы бар барлық лауазымды тұлғалар анықталды. Олар тәртіптік жазаға тартылады. Камерада қолданылған заңсыз заттар – телефон мен смарт-колонка тәркіленіп, қызметтік тексеру материалдарына тіркелді. Бейнебақылау жазбалары да зерттелді», – деді Адаев.
Адвокаттар бұл оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғауды талап етпек.
«Біз бірнеше қылмыстық құқықбұзушылық белгілерін көріп отырмыз. Қызметтік тексеру нәтижесінде ҚК 366-бабы («пара алу») және ҚК 361-бабы («лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану») бойынша іс қозғалу керек», – дейді адвокат.
Сонымен қатар, күдіктілердің бір камерада отырғаны да заң бұзушылық болуы мүмкін. ҚР Қылмыстық-атқару кодексінің 32-бабына сәйкес, олар оқшаулануы тиіс.
Адвокат Асылбек Абдраимовтың айтуынша, Шерзат Полаттың ісіне қатысты күдіктілер әртүрлі мекемелерде ұсталуы керек. Бірақ видеодағы адамдардың Еңбекшіқазақ аудандық ІІБ-ның уақытша ұстау изоляторында отырғаны анықталған. Оның айтуынша, күдіктілер тек телефон қолдану мүмкіндігіне ие болып қана қоймай, бір-біріне еркін кіріп жүрген.