Басты жаңалықтар

Астанада лифтіде беті пышақпен тілінген баланың жағдайы белгілі болды

Жарасының тігісі жартылай алынған

Астанада лифтіде беті тілгіленген бес жасар баланың жағдайы оңалып, дәрігерлер ертең оны ауруханадан шығармақшы. Ақжолтай ақпарды жеткізуге асыққан ақ халаттылар Батырдың бетіндегі жаралар тыртықсыз тартылып жатыр дейді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.

«Жағдайы жақсы. Шағымы жоқ. Жарасының тігісі жартылай алынды. Қабынбаған. Баланы ертең үйіне шығарамыз», - дейді Астана №2 көпбейінді балалар ауруханасы директорының орынбасары Медет Нұғманов.

Өздігімен жүріп-тұратын халге жеткен балақайдың бүгінде жағдайы тұрақты, бар ойы тезірек үйіне оралу екен.

Естеріңізге сала кетсек, қайғылы оқиға өткен аптада елорданың тұрғын-үй кешендерінің бірінде болған. Баласын қаннен қаперсіз нанға жіберген анасы, бір мезетте перзентінен айрылып қала жаздады. Қанжоса боп үйіне оралған 5 жасар Батыр тек «Анашым өліп барамын» деумен болыпты. Мойны мен бетінен қан сорғалағанын көрген анасы жүрегі аузына тығылып бірден көршісінің үйіне қарай ұмтылады. Алғашқы көмекті қабырғалас көршісі хирург көрсеткен. Ал балаға пышақ сілтеп, бетін тілгілеген 14 жастағы күдіктінің бар озбырлығы лифтінің бейнебақылау камерасына түсіп қалыпты. Бейресми деректерге қарағанда, жасөспірімнің психикалық ауытқуы бар көрінеді.