Абай облысында босану кезінде көз жұмған 34 жастағы келіншектің туыстары әділдік талап етіп отыр
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары ана мен бала өлімінен кейін қызметінен шектетілген дәрігерлердің қызметіне оралуына қатысты жауап бере алмады
Абай облысында 34 жастағы жүкті келіншек құрсағындағы шақалағымен бірге көз жұмды. Марқұмның туыстары әділдік талап етіп отыр. Олардың айтуынша, қайғылы жағдайдан кейін қызметінен қуылған дәрігерлер жұмысына қайта оралған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.
«Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы бұл ауданның бас дәрігеріне қатаң сөгіс жариялап, екі орынбасарын міндетінен шектеу туралы жарлық шығарды. Бірақ, мазақ қылғандай, ол екі орынбасары осы аурухананың бақандай орынбасары болып тағайындалды. Халық қайран қалып отыр», - деді Ұлан Балапанов.
Қайғылы жағдай 30 қаңтар күні Үржар ауданында болған. Төртінші баласын босануға кеткен Гүлнәр Қайратқызының ауруханадан мәйіті шыққан. Қара жамылған отбасы әйелдің ешқашан ауырмағанын айтады. Сондықтан дәрігерлердің салғырттығынан қайтыс болды деп топшылайды. Себебі дәрігерлер оған дәрі егіп, бір тәулік күтеміз деп жатқызып қойған көрінеді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары ана мен бала өлімінен кейін қызметінен шектетілген дәрігерлердің қызметіне оралуына қатысты жауап бере алмады. Босануға келген әйелге тиісті ем-шара бекітілген нұсқаулық бойынша жасағанын ғана айтты.
«Гүлнәраның өліміне себеп, қызметтік тексеруде әйелдің босану протоколына сәйкес жүргізілді. Босанған кезде пайда болған асқыну осындай жағдайға әкелді. Қазір сот-медициналық сараптамасының түпкі қортындысы жоқ болғаннан кейін біз қылмыстық іс аясында диагнозін түсіндіре алмаймыз», -деді Абай облысы денсаулық сақтау басқармасы бөлім басшысының орынбасары Әсем Орынбаева.