«Қарлы боран соғып, көктайғақ болады»: алдағы күндері елімізде күн суытады
Қазақстан бойынша тұман болады деп болжанып отыр
Алдағы күндері Қазақстанда күн жауын-шашынды болады деп күтіледі. Синоптиктер елдің басым бөлігінде жаңбыр мен қар жауады деген болжам жасады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі "Қазгидромет-ке" сілтеме жасап.
Синоптиктердің болжауынша, алдағы күндері Қазақстанның басым бөлігіндегі күн райына оңтүстік циклоны әсер етеді. Мамандар жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын түседі деп болжап отыр.
Атап айтқанда, 25-26 ақпан күндері оңтүстікте, 26-27 ақпанда түнде оңтүстік-шығыс аймақтарда қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар) болады, таулы аймақтарда қар жауады.
Метеорологтардың болжамына сәйкес, жауын-шашынмен қатар жел күшейіп, қарлы боран соғады және көктайғақ болады. Сондай-ақ Қазақстан бойынша тұман болады деп болжанып отыр. Түнгі уақытта ауа температурасы солтүстікте, солтүстік-батыста, елдің орталығында 8-18 градус аяз болады, оңтүстікте, оңтүстік-шығыста температура -5-12 градусқа дейін төмендейді деп күтіледі. Ал шығыста күн -15-20 градусқа дейін, аймақтың оңтүстігінде -5 градусқа дейін суытады деп болжанып отыр.