Мәдениет

«Мені "көңіл айтпады" деп кінәлайды»: Ханбибі Есенқарақызы өзін сынға алған Бақытжан Бұқарбайға жауап берді

Ертең сендердің де келетін жасың! Әрине жете алсаңдар...

Ақын Ханбибі Есенқарақызы жазушы Дулат Исабековтің асында сөйлеген сөзіне қатысты сын айтқан Бақытжан Бұқарбайға жауап берді. Айтуынша, ол сыйлықты әңгіме қылайын демеген, керісінше марқұмның қамқорлығын айтайын деген, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Сол күні ертерек барған Ханбибі Есенқарақызы марқұмның туыстарынан астан бұрын көңіл сұрап қойған екен. Ол өзін сынға алған Бақытжан Бұқарбайды танымайтынын айтты.

«Сыйлайтын адамым болғандықтан, Дулат ағаның қаралы жиынына қатысу үшін жасымның егделігіне қарамай, таңғы бестегі ұшаққа отырып, түн жамылып үйіме жеткенім, таңертең фейсбуктегі маған бағытталған кінәлап жазылған постты оқып, қайран қалып отырмын. Мені "көңіл айтпады" деп кінәлайды. Ертерек барған соң ағаның туған-туыстарымен құшақтап көрісіп, "қазаның артынан қайырын берсін" деп жұбату сөзін айтқанымда, әттең жанымда Бақытжан Бұқарбаевтың болмағаны "өкінішті-ақ". Іздеп тауып алар ма едім, әттең оны танымайды екенмін. Сенің "сөз алғанда" емес, "сөз бергенде" деп айтқаның орынды болар ма еді?! Өйткені мен алқалы топта "шешендігімді, көсемдігімді" байқатып қалуға тырыспайтынмын», - деді ол.

Айтуынша, мемлекеттік сыйлыққа қатысты әңгімені тегін айтпаған. Ол сонда отырған комиссия мүшлеріне қарасты айтылған сөзі екен.

«Мына жерде, "сыйлықты" әңгіме етейін деген ойым жоқ еді, Дулат ағаның менің прозаға келуіме септігін тигізгендігін, повесімді оқып болып, "құттықтаймын" дегенін тіптен "Үркер" бағдарламасында Смағұл Елубаев екеуінің берген бағасын (дәлел керек болса), ол кісінің рухани қолдауын, қамқорлығын жеткізейін деген ой болатын. Оны не үшін айттым? Мемлекеттік сыйлықтағы комиссия мүшелерінің "ол ақын ғой (бір өлеңімді оқымаса да), прозада несі бар?" дегендердің құлағына қыстыра кетейін дегендік еді. Өйткені сол комиссия мүшелері түгелімен сонда отырған. Иә, мен ауылданмын. Сыпсың-сыпсың өсек айтпай, сол ауылда жүріп, аянбай еңбек еттім. Алған наградаларым сол еңбектің өтеуі. Ақ үй жағалап, тамыр-таныс іздеу – менің табиғатыма жат нәрсе. Сондықтан да, тырнақ астынан кір іздеуден гөрі басқа нәрсемен айналысқандарың жөн. Сосынғы айтайын дегенім, жасы үлкен әріптестерге орынды-орынсыз тиісе беруді доғарыңдар! Ертең сендердің де келетін жасың! Әрине жете алсаңдар... Апалық ақылым – ерікті ауызға бөрікті бас сиятыны естеріңде болсын. Содан кейін "испанша күлесің бе, үндіше күлесің бе, күле беріңдер, күле беріңдер! Күлкі арзан!» - деді Ханбибі Есенқарақызы.