Басты жаңалықтар

«Мал сойылмайды»: Қырғызстанда жерлеу рәсіміндегі ысырапқа тыйым салынды

Мүфтияттың түсіндіруінше, бұл күндер үй іші үшін қаралы күн болып саналады

Жерлеу рәсімінде де ысырапқа жол жоқ. Қырғызстан мұсылмандарының діни басқармасы марқұмның қонақ асы, жетісі, қырқы және қазадан кейін 52 күнін өткенде де мал союға тыйым салды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.

Жаңа пәтуә бойынша, айыр қалпақты ағайындар қайтыс болған адамның үйінде алғашқы үш күн қазан көтермейді. Онсыз да жақынынан айырылып қан жұтып отырған отбасы мал сойып, ас берумен әуре-сарсаңға түспейді деген сөз. Мүфтияттың түсіндіруінше, бұл күндер үй іші үшін қаралы күн болып саналады. Ал дастарқан жайып, еске алу рәсімін көңіл айтуға келген туыстары мен көршілері ұйымдастыруы тиіс деп есептейді.

Жаңа пәтуаға сай, енді бейсенбіліктер, жетісі, жиырма күндігі, қырқы, елу екі күндігі және жылы берілген аста да төрт түлікті союға рұқсат жоқ. Ал марқұмға бағышталып оқылатын құран күндерінде жыртыс тарату дәстүрін мүлде алып тастаған. Көңіл айтуға келгендерге жаңа киім-кешек, орамал үлестіруді ысырапқа жатқызып отыр.