Қазақстандықтардың зейнатқыға жинаған ақшасы азайып қалды: БЖЗҚ себебін түсіндірді
Қосымша шетел нарықтарында сатып алынған активтердің нарықтық құнының төмендеуі байқалды
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қазақстандықтардың зейнетақыға жинаған ақшасы азайып қалуының себебін түсіндірді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы активтерінің инвестициялық басқару бойынша жариялаған есепке сәйкес, "теріс инвестициялық кіріс" туралы ақпарат берілген. Осы жылдың қаңтар айында салымшылар 284,86 млрд теңге жоғалтқан.
«Инвестициялық қызметтің нәтижесінде, сондай-ақ шетел валюталары бағамдарының құбылмалылығы мен қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруіне байланысты 2025 жылдың қаңтар айында есептелген инвестициялық кіріс (-) 284,86 млрд теңге болды», - делінген құжатта.
Қазақстандықтардың зейнетақыға жинаған ақшасы азайып қалуының негізгі себептерінің бірі ретінде теңгенің нығаюын атады.
«Қосымша шетел нарықтарында сатып алынған активтердің нарықтық құнының төмендеуі байқалды. Өткен жылдың желтоқсан айында АҚШ-тың эталондық 10 жылдық қазынашылық облигацияларының табыстылығы 40 б.п. өсті, дамушы елдердің облигацияларының спрэдтері 3 б.п. қысқарды, ал корпоративтік облигациялар бойынша спрэдтер 2 б.п. кеңейді. MSCI World индексі 2,68%-ға төмендеп, инвестициялық портфельдің табысына қосымша жүк түсті», - деп түсіндірді БЖЗҚ өкілдері.