Ербаян Мұхтардың ісі: күдіктілер әлі танылмады
Тергеу Бас прокуратура мен бас әскери прокурордың ерекше бақылауында
Қызмет барысында ауыр бас жарақатын алып, еңбекке жарамсыз болып қалған мерзімді әскери қызметші Ербаян Мұхтардың ісі бойынша Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары Мақсат Қазиев тергеудің қалай жүріп жатқанын айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Айтуынша, бұл іс бойынша тергеу әлі жалғасып жатыр.
"Оперативті-тергеу шараларының кешені жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта тергеудің нәтижелері туралы пікір білдіре алмаймыз, себебі бұл Қылмыстық кодекстің 201-бабына сәйкес көптеген адамның мүдделеріне қатысты. Тергеу Бас прокуратура мен бас әскери прокурордың ерекше бақылауында. Ұлттық ұлан ата-анасымен байланыста", – деді Қазиев.
Нақты күдіктілердің әзірге жоқ екенін, тек белгілі бір адамдар тобының тергеу аясында тексеріліп жатқанын атап өтті.
Айта кетсек, Ербаян Мұхтар 2023 жылдың желтоқсанында ауруханаға түскен. Жас сарбаз қызмет еткен Ұлттық ұлан әскери бөлімінде оның дәретханада құлап, басын плиткаға соққаны туралы ата-анасына хабарлаған.