Магистр жұлдыздар: Мейрамбек, Аша Матай, Қайрат Нұртас грантқа калай ие болды?
Жаппай тегін грантқа таласқан әншілерге «магистр» атану не үшін керек?
31 арнаға сілтеме жасап KYN.KZ жазады. Жаппай тегін грантқа таласқан әншілерге «магистр» атану не үшін керек? Сән бе, әлде не? Мейрамбек Беспаев екі жылда сабаққа неше рет келген? Қайрат Нұртас, Жанар Дұғалова, Аша Матай сессияны cонда қалай жабады? Сабаққа келмей «магистр» атанғандарды прокуратура анықтаса, әншілер ме, жоқ әлде ректорат сотты бола ма? Ел-елді аралап концерт беруден қолы тимейтін Мейрамбек небәрі 12 сағаттан аспайтын сабақтан қалыпты. Сонда екі күн қалған сияқты. Ол туралы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың жауабында мәлімденген. Ал, әншілердің басым бөлігі оқуға түсуін түсіп алып, сабаққа келмейді екен. Әнші Қайрат Нұртас та, Жанар Дұғалова да сабаққа келмегені үшін оқудан қуылған. Елдің ащы сынына іліккен Мейрамбек Беспаев диссертациясын 100 баллға қорғаған. Мейрамбектен артық Алтынбек Қоразбаевты кім жаза алады деп халық шулаған еді. Бірақ, бүкіл өмірін ғылымға арнаған академик, Беспаевтың ғылыми жетекшісі Ғарифолла Есім әншіміз тақырыпты толық аша алмады деп отыр. Шоу-бизнес өкілдері ректорлар мен проректорлардың тойында секеңдеп би билеп, ән айтса болды, оп-оңай грант иеленетін болған ба? «Ректордан көмек сұрасам, бір той қарыз болып қаламын. Қарызданғанды ұнатпаймын», – дейді Аша Матай. Фонограммамен ән айтып эфирлерді жаулаған жұлдыздар қазақ ғылымына үлес қоса ала ма? «Қазақ ғылымын әкеліп тығырыққа тірейтін, оны банкротқа ұшырататын үлкен, елеулі қауіп», – дейді ғылым кандидаты, Қуандық Шамахайұлы. «Мейрамбек Беспаев шынымен грантта оқыған», – дейді Ғарифолла Есім. Ал Аша Матай болса «арасында ұйықтап қалатынмын, ойбу апай ұмытып кетіппін» деп бітірдім дейді. Тегін грантпен магистратура оқығандардың қатарында хит әнші Қайрат Нұртас, Жанар Дұғалова да бар. Академик Ғарифолла Есімнің айтуынша, Қайрат Нұртас ұзақ бітірді. Жанар Дұғалова оқи алмай шығып кеткен екен. Қайрат Нұртас 2014 жылы Еуразия ұлттық университетінің «мәдениеттану» мамандығы бойынша магистратураға түскен. Ағылшынша ән айтып, клип түсірген Қайрат магистратура емтиханында ағылшын тілін судай біледі дегенді көрсететін 85 балл алыпты. Бірақ, тіпті ағылшынша өлең айтқан Қайратты мамандар «сөздердің айтылуы өте нашар, кейбір сөздерін түсінуге болғанмен, жалпы айтқанда не туралы айтып жатқанын түсінбейсіз» деп сынға алған. Қайрат оқуға түсуін түскенімен, бітірер кезге таман кешенді емтиханға пысқырып та қарамай, оқудан бір жолата қуылады. Дегенмен, бір жылдан соң қалталы әнші ақылы түрде оқуын қайта жалғастырып, 2017 жылы әупірімдеп жүріп дипломға қол жеткізеді. Ал, Еуразия ұлттық университетінің магистратурасына түскен әнші Жанар Дұғалова, «сабаққа жүйелі қатыспағаны» үшін биыл алтыншы сәуір күні оқудан шыққан. Мейрамбек магистратура оқыған екі жыл ішінде небәрі 12 сағатқа жетпейтіндей сабақтан қалыпты. Бұл ақпаратты Еуразия ректораты тек жазбаша жауаппен жіберген. Ал, Мейрамбектің ғылыми жетекшісі әншіні телефон арқылы шақыртып отырғанын айтады. «Әрине, барлық сабақтарға толық қатысты деп мен айта алмаймын. Звондаған кезде келеді, сөйлеседі, отырады. Мен бірінші рет диссертация жайында ақыл кеңестерімді бердім. Сабақ беретін мұғалімдермен де сондай жұмыстар атқарылды», – дейді Беспаевтің жетекшісі, Ғарифолла Есім. Академик Ғарифолла Есім Беспаевқа өнердегі ұстазы «Алтынбек Қоразбаевтің қазақ мәдениетіндегі орны» атты тақырыпты бекіткен. Алайда, Мейрамбекке ғылым қол емес-ау, өмір бақи ұстазы болған Қоразбаевты толық аша алмапты. «Жарты сағат бойы өзі сөйлеп отырды. Содан Алтынбек Қоразбаевтің барлық қырынан келді. Бірақ, мен енді Алтынбек Қоразбаевты толық ашты деп айта алмаймын», – дейді Ғарифолла Есім. Доцент Қуандық Шамахайұлы фонограмамен жұртты жалықтырған əншілердің ғылымға бөлінген грантты жеп, магистр, докторлыққа ұмтылуы тенденцияға айналып барады дейді. Оның айтуынша: «шын өте жақсы оқитын мамандардың жолын кесіп жатыр. Бұның қандай зардабы болады, ғылымға үлкен қиянат жасау. Оларға диплом беріп қаншама білікті жастардың жолы кесіліп жатыр». Бірақ, Мейрамбек өзін жерден алып-жерге салып сынағандарды «іші тарлар» деп есептейді. Мантиясын киген соң, инстаграмға оларды сынап тұрып жазды. Актриса қол болмайды, әншілік жол болмайды деп топшылаған шоу-бизнес өкілдерінің басым бөлігі журналистика пұл болады деп бір-бір диплом құшақтаған. Олардың қатарында Мәдина Сәдуақасова, Айгүл Иманбаева, Аша Матай бар. Бұл әншілердің барлығы грант түрінде білім алғандар. Аша Матайдың бірінші мамандығы – заңгер. Алайда, әкесінің кеңесімен оқыған заң саласына аттап баспапты. Осыдан үш жыл бұрын Қазақ Ұлттық Университетінің журналистика бөлімінде магистратура бітірген. «Ректордан да, проректордан да, қолдау болды. Себебі, өздері кабинеттеріне шақырып, иә қандай көмек керек, әрине ол кісілерге көп рахмет. Дегенменен ұялдым. Шыны керек. Менің ойымша егер де ондай заттарды айтатын болсаң, оған қарыз болып қаласың. Той қарыз болып қаласың. Негізі қарыздарды өзім ұнатпаймын», – дейді Аша Матай. Екі бірдей жоғарғы оқу орнының диплом иесі Бүркіт болашақта әскери білім алуды армандайды екен. Бірақ оған уақыт тапшы.