Қоғам

“Аяғымен басын таптаған”: Семейде тағы бір оқушыны қатарласы өлімше етіп сабап кеткен

Анасы бұл оқиғаға қатысты әділдік орнатуға көмектесуді сұрайды

Семей қаласының тұрғыны баласының жасөспірім тарапынан зорлық көргенін айтып, құқық қорғау органдарының әрекетсіздігіне шағымданды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.

Анасының айтуынша, оқиға 2024 жылдың тамызында болған. №38 мектеп-лицейінің оқушысы, 13 жастағы  Сұлтан Серкебаев оның 2015 жылы туған баласына моральдық және физикалық қысым көрсеткен. 

«Сұлтан Серкебаев менің баламды қорлап, аяғымен басын таптаған. Арқасынан қатты ұрғаны соншалық, балам бүкіл денесімен жерді жырып өткен. Көк ала қойдай қылған. Оқиғадан кейін кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор баламның денсаулығына зақым келгенін және бұл қылмыстық әрекет екенін айтты», – дейді зардап шеккен баланың анасы.

Алайда кейін жағдай күрт өзгерген. Отбасы ауруханада жатқан кезде құқық қорғау органдары істі қараудан бас тартқан. Жәбірленушінің анасының айтуынша, баланы ұрған жасөспірімнің ата-анасы полицияда тіркеуге алынбау үшін барын салған.

«Бізге татуласуды ұсынды. Әкесі өзі сияқты баласының болашақта әскери қызметке баруын қалайтынын, ал тіркеуге алынған жағдайда жолы жабылатынын айтты», – дейді ол.

Кейіннен құқық қорғау органдары ананың арызын қабылдаудан бас тартып, керісінше оның ұлын кінәлаған.

«Бізді екі полиция инспекторы мен олардың бастығы кінәлай бастады. Олар: «Өзіңді ата-анаңның орнына қой», «Балалар ұрысады, бұндай жағдай болып тұрады», «Мүмкін, сіздің ұлыңыз арандатқан шығар» деді. Бұл қалай? Қашаннан бері «арандату» сылтау ретінде есептеле бастаған?» – деп ашынады ана.

Ол баласының далаға шығуға, мектепке баруға қорқатынын, ал мектептің тәрбие ісі жөніндегі бас мұғалімі де зорлық көрсеткен оқушыны жақтағанын айтты.

Анасы бұл оқиғаға қатысты әділдік орнатуға көмектесуді сұрайды.