Басты жаңалықтар

Тоқаев Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы заңға қол қойды

Құжатта қаланың бірыңғай келбетін – сәулет ерекшелігін сақтау үшін дизайн код енгізу мәселесі де қарастырылған.

Мемлекет басшысы "Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, деп хабарлады Ақорда.

Заңда еліміздің рухани, тарихи-мәдени, туристік орталығы және сәулет мұрасы ретіндегі Түркістан қаласының ерекше мәртебесі бекітілген.

Құжатта мыналар қарастырылған:

тарихи-мәдени мұраны сақтау – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен басқа да ескерткіштерді қорғау;

археологиялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстарды реттеу;

тарихи-мәдени мұраны қайта жаңғырту және ұлттық қолөнерді дәріптеу;

қорғау аймағында биіктігі мен сәулеті үйлеспейтін ғимараттарды салмау;

археологиялық ескерткіштердің резерватын құру;

мүгедектігі бар адамдарға қолжетімді инфрақұрылым және инклюзивті туризм құру арқылы қалада жайлы орта қалыптастыру;

қаланың бірыңғай келбетін – сәулет ерекшелігін сақтау үшін дизайн код енгізу;

тиімді басқару мен бақылау үшін әкімдік пен мәслихат өкілеттігін кеңейту;

мемлекет тарапынан қолөнер шеберлерін қолдау мен көлік транзитін реттеу;

туризмді дамыту және тұрмыс сапасын арттырумен қатар қаланың тарихи ерекшелігін сақтау.

Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.