«Сыныптас қыз үшін»: Қарағандыда 9 және 10 сынып оқушылары төбелесті
Қарағанды облыстық Полиция департаментінің басшылығы бұл істі ерекше бақылауда ұстап отыр
Қарағандыда оқушылар төбелесіп, салдарынан ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Олардың қыздарға бола төбелескені белгілі болды.
Бұл оқиға ақпан айында болған. Куәгерлердің айтуынша, 9-сыныптың екі оқушысы сыныптас қыздың суретін танысу сайтына жариялаған. Тіпті толық жеке деректерін және телефон нөміріне дейін тіркеген. Мұны білген қыз 10-сынып оқушыларына шағымданған. Олар қыздың абыройына араша түсіпті.
Сөйтіп 14 және 15 ақпанда олар 9-сынып оқушыларымен кездескен. Төбелестің нәтижесінде 9-сыныптың екі оқушысы ауруханаға жеткізілді.
Қарағанды облысы білім басқармасының баспасөз қызметі мектеп оқушылары арасындағы жанжалдың болғанын растады. Ведомство мәліметінше, оқиға кешкі уақытта болған.
"Төбелес Потанин атындағы жалпы білім беретін мектептің 10-сынып және 9-сынып оқушылары арасында болған. 9-сынып оқушылары жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. 17 ақпанда мектепте осы жанжалға қатысушылармен әңгіме жүргізілді. Кеңес шешімі бойынша 10-сынып оқушылары ішкі мектептік бақылауға алынды. Мектеп әкімшілігі оқушылар арасында осындай жанжалдардың қайталанбауы үшін тиісті шаралар қабылдады", – деді баспасөз қызметі.
Полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиға бойынша тергеу басталғанын мәлімдеді.
"Полиция екі кәмелетке толмаған жасөспірімге дене жарақатын салу дерегі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Тергеу барысында оқиғаға қатысушылар анықталды. Олар – 15 және 16 жастағы үш жасөспірім", – деп хабарлады.
Қазіргі уақытта күдіктілер кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға шақырылып, полиция есебіне алынды.
"Жәбірленушілерге қажетті сараптамалар тағайындалды, олардың қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады. Тергеу аяқталғаннан кейін күдіктілердің ата-аналарына қатысты шаралар қабылданады. Қарағанды облыстық Полиция департаментінің басшылығы бұл істі ерекше бақылауда ұстап отыр. Мұндай оқиғаларға тек заң аясында ғана емес, сонымен қатар жасөспірімдерді әлеуметтік оңалту және болашақта құқықбұзушылықтардың алдын алу тұрғысынан да қарау маңызды", – деп мәлімдеді полиция департаменті.