Дін қызметкері "Cен неге ораза ұстамадың?" деп неге сұрауға болмайтынын түсіндірді
Адамның барлығы бірдей дәрежеде шариғатты ұстанып жатқан жоқ қой қазір?!
Астана медресесінің ұстазы Бекзат Азатбекұлы Рамазанда ауыз бекітпеген адамнан "Неге ораза ұстамадың?" деп сұрау қаншалықты дұрыс екенін айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі BAQ.KZ- ке сілтеме жасап.
Дін қызметкерінің айтуынша, ораза ұстау – әркімнің мойнына жүктелген парыз.
"Мен мұсылманмын" деген адам – иманды адам. Оған құлшылық, ғибадат – парыз. Сол құлшылық, ғибадаттың ішіне ораза да кіреді, намаз да кіреді. Енді "неге ұстамадың?" деген сияқты сұрақ қойса, оны міндеттеме емес, жай еске түсіру, ескерту деп қабылдасақ болады. Мысалы, қасындағы адамдар мотивация беріп жіберсе, ары қарай ораза ұстап кететіндей жағдайда жүретін адамдар болады, қасындағы адамдардың бір-екі ауыз сөзін күтіп жүрген адамдар бар, айтқан кезде ұстап кетуі де мүмкін. Ал ары қарай "ұстамаймын" деп жатса, исламда қинау деген нәрсе жоқ. "Неге ұстамадың?" деген сөз еске түсіру мақсатында ғана айтылады. Күнделікті орындалуы қажет болған іс-әрекеттерді де есіне түсіріп жатады ғой. "Неге таңғы шайыңды ішпедің, неге демалмадың?" деп, солардың қатарында деп түсінсе болады", - дейді медресе ұстазы.
Бекзат Азатбекұлының сөзіне сүйенсек, қоғамда ораза ұстағанын, намаз оқитынын мақтан көретіндер бар екені жасырын емес. Шариғатта ондай мінез-құлық рия болып есептеледі.
"Адамның барлығы бірдей дәрежеде шариғатты ұстанып жатқан жоқ қой қазір?! Біреулер мысалы сыртқы келбетімен ғана ұстануы мүмкін. Ішінде ол мүлдем сенбеуі де мүмкін немесе ұстанып жүргендігін мақтан көретіндер болуы мүмкін. Тіпті намаз оқығандығын да мақтан көретіндер болуы мүмкін. Оның бәрін жоққа шығармаймыз. Оның барлығы – қоғамда бар, болып жатқан нәрсе. Сол сияқты біреу өзінің ораза ұстағанын айтқысы келіп, мақтанып, біреуге "Сен неге ұстамайсың? Мен ұстадым" деп айтып жатса, ол – шариғатта тыйым салынған нәрсе. Рия болып есептеледі. Өзінің амалын көрсету үшін, мақтану үшін жасалған амал. Ал жалпы біреуге ескерту – шариғатта бар нәрсе", - деді Астана медресесінің ұстазы.