"Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді": Тоқаев аруларды құттықтады
Әйел – шаңырақтың шырағы, ұлттың ұйытқысы
Президент аруларды көктем мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Ақордаға сілтеме жасап.
"Бүгін мен баршаңызды көктем мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мейрамды шын мәнінде сұлулықтың көрінісі деуге болады. Себебі әйел жаны қашанда әдемілікке жақын.
Аруларымыз әлемге сүйіспеншілікпен қарап, жан-жағына жақсылық шарапатын сыйлап жүреді. "Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді" деген сөз бекер айтылмаған.
Әйел – шаңырақтың шырағы, ұлттың ұйытқысы. Ана – тіршілік пен берекенің бастауы, адамзат бойындағы бар ізгіліктің қайнар көзі. Ананың аялы алақаны мен шексіз мейірімі әр үйге жылылық береді. Салт-дәстүріміз бен ана тіліміздің бүгінгі күнге жетуі де – ең алдымен, аналардың арқасы.
Өмірдің мәні де, тіршіліктің сәні де – сіздер! Сондықтан бүгінгі мейрамда барша ер-азаматтар өздеріңізге ақ тілегін арнап, ықылас-ілтипатын білдіріп жатыр. Солардың ішінде мен де Мемлекет басшысы ретінде әйелдерге тілегімді, лебізімді айтып тұрмын", - деді Президент.