Қоғам

10 күн қамауда болған Feminita белсендісі Жанар Секербаева бостандыққа шықты

Осылайша құқымды өрескел бұзса да мені тоқтата алмайды

Алматыда 10 күн қамауда болған Feminita белсендісі Жанар Секербаева бостандыққа шықты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Азаттық мәліметінше, әйел құқын қорғайтын Feminita ұйымының негізін қалаушылардың бірі Жанар Секербаева 10 күн әкімшілік қамау жазасын өтеп болғаннан кейін бостандыққа шықты. Алматының әкімшілік соты 8 наурыздың қарсаңында Секербаеваны "Бейбіт жиналыстар туралы" заңды бұзғаны үшін кінәлі деп танып, 10 күнге қамауға алған еді.

10 наурызда бостандыққа шыққан соң Азаттыққа берген пікірінде Секербаева бұл әкімшілік қамауды әйелдер мен ЛГБТК+ құқықтарын қорғаушыларға жасалған қысым деп бағалайтынын айтты.

«Ол жердегі (арнайы қабылдау орны) жағдай демалыс орны деуге келмейді, әрине, бірақ менімен көрші қыздардың, сондай-ақ маған және Ақторғынға кітаптар мен азық-түлік жеткізіп берген әпке-сіңлілерімнің арқасында жаман болған жоқ. 10 күн ішінде 7 кітап оқып тастадым. [Бостандыққа] шыққан соң арнайы қабылдау орнының көлігі біздің соңымыздан ілесіп, кафеге дейін апарды, сол жерде достарымызбен кофе ішіп отырдық. ҰҚК үнемі қыр соңымыздан бақылап жүреді. Менің түсінуімше, олар мұны қылмыстың алдын алатын профилактикалық маңызды мемлекеттік жұмыс деп ойлайтын болса керек... Өзім белсенділігімді жалғастырамын. Осылайша құқымды өрескел бұзса да мені тоқтата алмайды. Махаббат және әділ Қазақстанда өмір сүруге деген ұмтылыс – ол менің жүрегімде», деді Жанар Секербаева.

28 ақпанда жаттығудан шыққан Жанар Секербаеваны полиция ұстап, Алматы қаласының әкімшілік соты Секербаеваны 2024 жылдың мамырында биліктің келісімінсіз шеруге қатысқаны үшін 10 күнге қамау туралы шешім шығарған. Сотқа ілік болған акцияға Секербаева пікірлестерімен бірге шығып, экс-министр Қуандық Бишімбаевқа Салтанат Нүкенованы өлтірген қылмысы үшін 24 жыл түрме жазасын берген сот үкіміне наразылық білдірген.

«Мамыр айында өткізілген шарада біз әйелдерге зорлық-зомбылық жасаған қылмыстар үшін қатал жаза болуын талап еттік. Сол кезде Салтанат Нүкенова осындай қылмыстардың бір мысалы ғана болды», - деді Жанар Секербаева 10 күн қамауда отырып шыққан соң.