Елімізде 11 мың ананың балаларына алимент төлемей жүргені анықталды
Өз міндеттерін орындамағаны үшін борышкерлер әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады
Әділет министрлігі қазіргі уақытта алимент өндіру бойынша 283 мың іс қаралып жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
«Оның ішінде борышкер ер адамдар саны - 272 мың болса, әйелдер саны - 11 мыңнан асады. Ондағы 16 352 іс бойынша берешек 16 млрд теңгеге тең. Көп жағдайда борышкерлердің алименті ай сайын жұмыс берушілердің бухгалтериясы арқылы өндіріледі. Сондықтан борышкерлерді жұмысқа орналастыру белсенді түрде жүргізілуде», - деді Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли.
Өткен жылы бес мыңға жуық борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар борышын өтей алмай жұмыссыз жүрген 6 мыңнан астам адамның жұмысқа орналастырылғанын айтты.
«Өз міндеттерін орындамағаны үшін борышкерлер әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Мәселен 2024 жылы 4,5 мыңнан астам борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал ҚК «алимент төлеу міндеттерін орындамау» бабы бойынша 391 адам сотталды. Сондай-ақ борышкерлердің банк шоттарына тыйым салу және уақытша шектеулер сияқты шаралар қолданылады», - деді ол.
Талғат Уәли балаларының алдындағы борышын өтей алмағандар жүние-мүлкін сатуға мәжбүр болып жатқанын айтады.