Басты жаңалықтар

Еліміздің бірнеше облысындағы тауларда қар көшкіні жүруі мүмкін

Тау шаңғышылары, туристер, альпинистер үшін аса қауіпті

Еліміздің бірнеше облысындағы таулы жерлерде қар көшкіні жүруі мүмкін. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

 Қазақстан аумағында көшкін қаупі бар 619 учаске бар. Шығыс Қазақстан, Алматы, Түркістан және Жетісу облыстарының аумақтарындағы Қазақстан Алтай, Іле, Жетісу, Талас Алатауы мен Қаратау жоталарының беткейлері аса қауіпті аудандар болып саналады.

Мамандардың болжауынша 2025 жылы бұл өңірлерде көшкін белсенділігі наурыз-сәуір айлары аралығында артуы мүмкін. Бұл кезде көшкіннің өздігінен түсуі жиі кездеседі. Бұл әсіресе температураның күрт ауытқуы, қалың қар жаууы және қарлы боран болуы мүмкін биік таулы аймақтарға қатысты, бұл көшкін қаупінің артуына ықпал етуі мүмкін.

 «Халықтың, туристер мен демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қар көшкінінің 80 профилактикалық түсуі жүргізілді, түскен қардың жалпы көлемі шамамен 117 337м3 мың текше метрді құрады.

Тауларда қар ұстайтын қалқандар орнатылды. Ақпараттық науқан аясында қар көшкіні қаупі бар аймақтардағы тұрғындар мен кәсіпорындарға ұсынымдар беріліп, қар көшкіні қаупі жағдайында мінез-құлық нұсқаулықтары жазылған брошюралар таратылды. Қауіпті кезеңдерде көшкін қаупі бар аймаққа халықтың және автокөліктің кіруін шектеу жөніндегі блок-бекеттер қойылады.

Тау шаңғышылары, туристер, альпинистер үшін аса қауіпті. Сондықтан адам шығынын болдырмау, қар көшкінінің астында қалмау үшін тауға баратын әрбір адам таудағы және қар көшкіні кезіндегі негізгі жүріс-тұрыс ережелерін үйренуге міндетті», - делінген министрлік хабарламасында.

ТЖМ тау беткейлеріндегі қардың тұрақсыздығына байланысты қар көшкінін тудырмау үшін таудың қарлы беткейлеріне және тауға бармауға,  сондай-ақ жақын күндері тауға барудан бас тартуға кеңес береді.