Қоғам

Жедел жәрдем мен полиция көлігін өткізбегендерге енді айыппұл салынады

Жүріп келе жатқан көлікте басын шығарып айғайлағандарға да жаза — қатаң

Осы айдан бастап бірқатар жол жүру ережелеріне өзгеріс енгізіледі. Енді жедел жәрдем мен полиция көлігін өткізбей, кесе-көлденең кедергі келтіргендерге 80 мың теңгеге дейін айыппұл салынбақшы, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.

Жүріп келе жатқан көлікте басын шығарып айғайлағандарға да жаза — қатаң. Мұндай жүргізушілерге 40 мың теңгеге дейін айыппұл хаттамасы толтырылады. Бұл ереже көлік люгінен денесін шығарып, самал желге бетін тосуға әуес жандарға да бағытталған. Жолдың қарсы бетіне шығып алып, жол қозғалысына бөгет жасаған жандар, апатқа ұшырамаса да, тоғыз айға дейін жүргізуші куәлігінен айырылады.

Дегенмен заңда жұмсартылған тұстар да бар. Мәселен, жол-көлік апатының себепкері, абырой болғанда, ешкімнің өліміне себепкер болмаса, бұған дейін жүргізуші куәлігінен жарты жылға дейін айырылатын болса, енді 80 мың теңге айыппұл төлеп, жазадан құтыла алады.

Жоғары палата депутаттары автомектептерге тексерісті күшейту керек деген пікірді ұстанады. Себебі, куәлікті оңды-солды таратқандардың кесірі жазықсыз адамның өмірін қиып жатыр.

«Жол инфрақұрылымы әлі жолда апат болудан сақтауға дайын емес. Жолдарды жөндеуіміз керек. Екінші мәселе, жүргізушілердің дайындығын дамыту керек, басқаша тәсілмен. Бүгінде жүргізуші куәлігін алу рәсімі өте жеңіл», - деді сенат депутаты Марат Қожаев.